Тарихи оқиға: Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды

Ел теннисі тарихында алғаш рет қазақстандық теннисші әлемнің бірінші ракеткасы атағына ие болды.

Тарихи оқиға: Елена Рыбакина алғаш рет әлемнің бірінші ракеткасы атанды ашық дереккөзден

Елена Рыбакина АҚШ ашық чемпионатының жартылай финалына жолдама алып, мансабында алғаш рет әлемдік рейтингте бірінші орынға көтеріледі.

Рыбакина ширек финалда Қытай өкілі Циньвэнь Чжэнмен кездесіп, үш сетке созылған тартысты матчта 3:6, 6:1, 6:4 есебімен жеңіске жетті.

Кездесуді қытайлық теннисші сәтті бастап, алғашқы партияда басым түсті. Алайда Рыбакина екінші сетте ойынды түбегейлі өзгертіп, қарсыласына бір ғана гейм берді. Үшінші партияда қазақстандық теннисші шешуші сәттерде өз мүмкіндігін тиімді пайдаланып, жеңісті жұлып алды.

Бұл нәтиже Рыбакинаға US Open турнирінен кейін WTA рейтингінде бірінші орынға көтерілуге мүмкіндік береді. Осылайша қазақстандық спортшы әлемнің бірінші ракеткасы атанған тұңғыш қазақстандық теннисші болады.

Матчтан кейін Елена Рыбакина жеңіске жету оңай болмағанын атап өтті.

«Сөз табу қиын. Өте күрделі матч болды. Мүмкін, ең жоғары деңгейдегі ойыным болған жоқ. Бірақ, өзімді қалай ұстағаныма қуаныштымын. Бұл ерте басталған матч еді. Күн, көлеңке және басқа да жағдайлар туралы ойладым. Ішімде үлкен күрес болды. Дегенмен жағымсыз ойларды артта қалдырып, жартылай финалға өткеніме қуаныштымын», - деді Рыбакина.

Қазақстандық теннисші әлемдік рейтингтегі жаңа мәртебесіне қарамастан, басты мақсаты өзгермегенін айтты.

«Алда әлі екі матч бар. Сондықтан рейтингтегі сан - жәй ғана сан. Мен жартылай финалдамын. Міндетім - турнирді жеңу. Әр матчқа жеке дайындалып, ойыннан ойынға қарай жылжуға тырысамын. Әрине, бұл керемет жетістік. Бірақ теннисте бәрі өте тез өзгеруі мүмкін. Сондықтан қазір ойынға, қалпыма келуге және осы сәттен ләззат алуға көңіл бөлемін», - деді қазақстандық теннисші.

Елена Рыбакинаның US Open жартылай финалындағы қарсыласы Мирра Андреева мен Коко Гауфф арасындағы матчтан кейін анықталады. 

Айта кетейік, жартылай финалға шыққан отандасымыз қазірдің өзінде 1 млн 450 мың доллар сыйақыға ие болды. 

US Open аяқталғаннан кейін WTA рейтингі жаңартылып, Елена Рыбакина ресми түрде әлемнің бірінші ракеткасы атанады.

 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу