«Бішкек Арена» құрылысының нақты құны жарияланды

Ресми ақпарат бойынша «Бішкек Арена» стадионының сыйымдылығы - 51 252 көрермен.

«Бішкек Арена» құрылысының нақты құны жарияланды ашық дереккөзден

Қырғызстандағы жаңа басты спорт нысаны - «Бішкек Арена» стадионының құрылысына 386 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Бұған дейін нысанның құны 60 миллион доллар деген ақпарат тараған еді. Алайда Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы Аскат Алагозов бұл мәліметтің шындыққа сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Жобаның қаржылық және техникалық ерекшеліктерін Алагозов әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады.

Оның айтуынша, бастапқыда 30-35 мың көрерменге арналған кәдімгі спорттық стадион салу жоспарланған. Алайда, кейін Қырғызстан президенті Садыр Жапаров жобаның тұжырымдамасын түбегейлі өзгертуді тапсырған. Негізгі мақсат - тек спорттық жарыстар өтетін арена емес, өзін-өзі ақтайтын және мемлекеттік бюджетке салмақ түсірмейтін ірі коммерциялық нысан салу болған.

Жаңартылған жоба бойынша «Бішкек Арена» қырғыздың дәстүрлі киіз үйі үлгісінде салынған. Стадионның сыйымдылығы да ұлғайтылып, 51 252 көрерменге жеткізілді.

Бұл көрсеткіш аренаның әлемдік деңгейдегі халықаралық футбол турнирлерін өткізу талаптарына сәйкес келуіне мүмкіндік береді.

«Егер стадион кәдімгі спорттық арена ретінде салынғанда, оны күтіп ұстауға күн сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы қажет болар еді», - деді Аскат Алагозов.

Стадионның ішінде дүкендер мен мейрамханалар бар. «Бішкек Арена» тек футбол матчтарын өткізуге арналған нысан болмайды. Жобаға ауқымды коммерциялық инфрақұрылым енгізілген.

Нысанның жалпы құрылыс аумағы 194 248 шаршы метрді, ал стадион орналасқан жер телімінің көлемі 20 гектарды құрайды. Ғимараттың диаметрі 280 метр, биіктігі 70 метр. Арена 8 қабаттан тұрады.

Стадион аумағында жалпы көлемі 35 916 шаршы метр болатын коммерциялық кеңістік қарастырылған. Мұнда 48 дүкен, супермаркет, 23 мейрамхана, 11 кафе, төрт кинотеатр залы, спорттық және балаларға арналған ойын алаңдары, сондай-ақ 18 сауда дүңгіршегі орналасады.

Сонымен қатар жалпы аумағы 5 087 шаршы метр болатын террасалар қарастырылған.

Аскат Алагозовтың сөзінше, аренаның коммерциялық моделі стадионды мемлекет қаржысына тәуелді етпеуге бағытталған. Сауда орындарын жалға беру, мейрамханалар мен басқа да коммерциялық нысандардан түсетін кіріс, сондай-ақ ақылы іс-шаралар өткізу арқылы стадион тұрақты табыс әкелуі тиіс.

Қырғызстан билігінің жоспары бойынша, бұл модель салынған 386 миллион долларды қайтаруға, кейін нысанды ел бюджетіне салмақ түсірмейтін тұрақты кіріс көзіне айналдыруға мүмкіндік береді.

Қырғызстан президентінің баспасөз хатшысы «Бішкек Арена» құнын әлемдегі белгілі стадиондардың құрылыс шығындарымен де салыстырды.

Атап айтқанда, АҚШ-тағы Allegiant Stadium құрылысына шамамен 1,9 миллиард доллар, Англиядағы Tottenham Hotspur Stadium құрылысына 1,33 миллиард доллар жұмсалған. Ал сыйымдылығы 50 мың көрерменге жуық Қытайдағы Qingdao Youth Football Stadium құрылысының құны 594 миллион долларды құраған.

Енді басты мәселе,  386 миллион долларлық инвестицияның қаншалықты тиімді жұмыс істейтіні. Егер жоспарланған коммерциялық модель жүзеге асса, «Бішкек Арена» Қырғызстанның басты спорттық нысаны ғана емес, Бішкектегі ірі сауда, ойын-сауық және мәдени орталықтардың біріне айналмақ. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу