«Барыс» «Салават Юлаевты» ірі есеппен жеңді

«Барыс» жаңа ҚХЛ маусымын қатарынан екі жеңіспен бастады.

«Барыс» «Салават Юлаевты» ірі есеппен жеңді ашық дереккөзден

«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасының жаңа маусымындағы екінші матчында өз алаңында Уфаның «Салават Юлаев» клубын қабылдап, 8:6 есебімен жеңіске жетті.

«Барыс» ойынның алғашқы кезеңін өте жоғары қарқынмен бастап, қарсыласының қақпасына төрт шайба соқты. Есепті Тайс Томпсон ашса, кейін Чейз Приски басымдықты тиімді пайдаланып, таблодағы айырмашылықты арттырды. Мэйсон Морелли әдемі комбинацияны сәтті аяқтады.

Осы аралықта «Салават Юлаев» сапынан Александр Жаровский бір шайбасын соғып үлгерді. Ал кезең аяқталуына бір секунд қалғанда Джастин Бэйли ойынды тағы бір мәрте нәтижелі аяқтап, «Барыстың» басымдығын еселей түсті.

Екінші кезеңнің ортасында Девин Броссо уфалықтарды ойынға қайта қосты. Арада бір минут өтпей жатып, Шелдон Ремпал да мергендік танытты.

Алайда «Барыс» қарсыластың бұл қарқынына бірден жауап берді. Тайс Томпсон Джастин Бэйлидің тамаша пасынан кейін қарсылас қорғанысын жарып өтіп, дубль авторы атанды. Кейін Логан Дэй «Барыс» сапындағы алғашқы шайбасын соғып, есепті тағы ұлғайтты.

Үшінші кезеңде де командалар шабуылға басымдық беріп, көрермендерге нағыз шоу сыйлады. Қос тарап та бірнеше рет мергендік танытқанымен, матч соңына дейін «Барыс» басымдығын сақтап қалды.

Осылайша астаналықтар 8:6 есебімен жеңіске жетті. Мұндай есеп хоккейде жиі кездесе бермейді.

Астаналықтар келесі кездесуін 12 қыркүйекте өз алаңында Хабаровскінің «Амур» командасына қарсы өткізеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу