Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады

Елена Рыбакина - әлемнің бірінші ракеткасы атанған тұңғыш қазақстандық теннисші.

Мемлекет басшысы Елена Рыбакинаны әлемнің бірінші ракеткасы атануымен құттықтады ашық дереккөзден

Мемлекет басшысы  Қасым-Жомарт Тоқаев теннисші Елена Рыбакинаны «Әлемнің бірінші ракеткасы» атағына ие болуымен құттықтады. 

- Сіз айрықша талант пен тынымсыз еңбектің және өзіңізге деген нық сенімнің арқасында WTA рейтингінде көш бастап, биік шыңды бағындырдыңыз. Осынау тарихи жеңісіңіз қазақ спортының даңқын асырды. Есіміңіз әлемдік теннис жылнамасынан ойып тұрып орын алды. Сіздің жетістікке толы жолыңыз - еліміздің жас спортшылары мен дүниенің түкпір-түкпіріндегі миллиондаған теннис жанкүйері үшін үлгі-өнеге. Сонымен қатар кортта да, қоғамдық орындарда да, жұртшылықпен қарым-қатынас барысында да байқалатын жоғары мәдениетіңізді айрықша атап өткім келеді. Бұл - сөзсіз Сіздің парасатыңыз бен адами қалпыңыздың айқын көрінісі, - деп жазылған құттықтауда.

Қасым-Жомарт Тоқаев Елена Рыбакинаның чемпиондарға тән жалынды рухтан қуат алып, жаңа белестерге батыл қадам баса беруіне тілектестік білдірді.

Айта кетейік, Елена Рыбакина бүгін АҚШ ашық чемпионатының ширек финалында Қытай өкілі Чжэн Циньвэньмен кездесті. Қазақстандық теннисші алғашқы сетте 3:6 есебімен жеңіліп қалғанымен, кейін таразы басын өз пайдасына аударып, екінші партияны 6:1 есебімен алды. Шешуші сетте Рыбакина 6:4 есебімен жеңіске жетіп, матчты 3:6, 6:1, 6:4 есебімен аяқтады. 

Осы жеңістің арқасында Рыбакина АҚШ ашық чемпионатында алғаш рет жартылай финалға шықты. Сонымен қатар ол мансабында тұңғыш рет WTA рейтингінің көшін бастайтын болды. Рыбакина әлемнің бірінші ракеткасы атанған Қазақстан тарихындағы алғашқы теннисші ғана емес, WTA тарихындағы рейтингтің шыңына көтерілген 30-шы әйел теннисші атанды. 

Жартылай финалда қазақстандық теннисші америкалық Кори Гауффпен кездеседі. Гауфф ширек финалда Мирра Андрееваны 2:6, 7:6, 6:2 есебімен жеңіп, келесі кезеңге жолдама алды.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу