Euronews Назым Қызайбай туралы деректі материал түсірді

Назым Қызайбайдың басты мақсаты - Олимпиада алтынын жеңіп алу.

Euronews Назым Қызайбай туралы деректі материал түсірді ашық дереккөзден

Euronews халықаралық ақпарат агенттігі қазақстандық боксшы Назым Қызайбайдың спорттағы жолы жайлы деректі материал түсірді. 

Деректі материалда үш дүркін әлем чемпионы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Назым Қызайбайдың бокстағы қалыптасу кезеңі мен халықаралық аренадағы жетістіктері баяндалады.

Назым Қызайбай спорттағы жолын көркем гимнастикадан бастаған. Алайда 2008 жылы ол боксқа ауысып, Қазақстандағы әйелдер боксының қалыптасу кезеңінде ұлттық құрамаға енген алғашқы спортшылардың бірі болды.

Боксшының айтуынша, алғашқы жарысы Алматыда өткен Қазақстан чемпионаты болған. Ол төрт жекпе-жек өткізіп, алғаш рет ел чемпионы атанған.

Кейін Қызайбай халықаралық жарыстарға қатыса бастады. 2011 жылы Түркияда өткен әлем чемпионатында қола медаль иеленсе, 2012 жылы Қытайда өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатында тағы бір қола жүлдеге қол жеткізді.

Назым Қызайбайдың алғашқы үлкен жетістігі 2014 жылы тіркелді. Оңтүстік Кореяның Чеджу қаласында өткен әлем чемпионатында ол алтын медаль жеңіп алып, Қазақстан тарихындағы әйелдер арасындағы тұңғыш әлем чемпионы атанды. 2016 жылы Астанада өткен әлем чемпионатында бұл жетістігін қайталады.

2024 жылы қазақстандық спортшы Париж Олимпиадасында алғаш рет бақ сынап, жартылай финалға дейін жетті. Ол бұл кезеңде Қытай өкілі У Юйге есе жіберіп, жарысты қола жүлдемен аяқтады. Бұл нәтиже Орталық Азиядағы әйелдер боксы үшін тарихи жетістік болды.

2025 жылы Қызайбай Сербияда өткен әлем чемпионатында үшінші рет әлем чемпионы атанды. Ал 2026 жылы ол халықаралық жарыстардағы өнерін жалғастырып, Қытайдағы әлем кубогының бір кезеңінде жеңімпаз атанды.

Euronews деректі фильмінде Қызайбайдың спорттағы жетістіктерімен қатар, оның болашаққа деген жоспарына да назар аударылған.

Боксшы кәсіби мансабын әзірге аяқтауды жоспарламайды. Оның басты мақсаты - Олимпиада ойындарында алтын медаль жеңіп алу.

«Қазақстанда әйелдер боксынан Олимпиада алтыны да, Азия ойындарының алтыны да жоқ. Алтын медаль жеңіп алу - ұлттық құрамадағы бәріміздің мақсатымыз», - деді Назым Қызайбай Euronews-ке берген сұхбатында.

Сонымен қатар ол спорттық мансабын аяқтағаннан кейін бапкер болғысы келетінін айтты. Көп жыл бойы жинаған тәжірибесін жас боксшылармен бөлісіп, жаңа чемпиондарды тәрбиелеуді көздейді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу