Өзбекстанда 55 мың көрерменге арналған стадион бой көтеруде
Бұл тек Өзбекстандағы ғана емес, Орта Азиядағы ең үлкен стадион болмақ.
ашық дереккөзден
Өзбекстанның Жаңа Ташкент ауданында 55 мың көрерменге арналған жаңа футбол стадионының құрылысы жүріп жатыр. Құны 100 млн доллар деп бағаланған заманауи арена елдегі ең ірі спорт нысандарының біріне айналмақ.
Стадион FIFA талаптарына сай салынып, 2027 жылы Өзбекстанда өтетін жастар арасындағы әлем чемпионатының (U-20) басты аренасы болады. Мұнда турнирдің жартылай финалдық кездесулері мен финалы өткізіледі. Сондай-ақ әлем чемпионаты Әзербайжанда да өтеді. Осылайша жастар арасындағы әлем чемпионатын (U-20) екі ел қабылдайды.
Алты қабатты кешенде негізгі футбол алаңынан бөлек, үш жаттығу алаңы, 10-нан астам эскалатор және 5500 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған. Стадион маңынан метро станциясын салу жоспарланған.
Жаңа арена футболшыларға, жанкүйерлерге және БАҚ өкілдеріне арналған заманауи инфрақұрылыммен жабдықталады.
Стадион құрылысы 2025 жылдың қарашасында басталған. Соңғы мәлімет бойынша, нысанның 65 пайызы аяқталған.
Қазіргі уақытта Өзбекстандағы ең үлкен футбол стадиондарының қатарында 35 мың көрерменге арналған «Пахтакор» және 34 мың орындық «Миллий» ареналары бар. Жаңа 55 мың орындық стадион пайдалануға берілгеннен кейін Өзбекстандағы ғана емес, Орталық Азиядағы ең ірі футбол аренасына айналады.