Будапешт татамиінде әлемнің үздіктері бас қосады

Grand Slam турнирінде Қазақстан құрамасынан 12 спортшы өнер көрсетеді.

Будапешт татамиінде әлемнің үздіктері бас қосады ашық дереккөзден

Ертең, 11 қыркүйекте Венгрия астанасы Будапештте дзюдодан Hungary Grand Slam 2026 халықаралық турнирі басталады. Үш күнге жоспарланған дүбірлі дода 13 қыркүйекке дейін жалғасады.

Papp László Budapest Sportaréna аренасында ұйымдастырылатын жарысқа 67 елден 504 дзюдошы қатысады деп күтілуде.

Турнирге әлемнің бес құрлығынан спортшылар жиналады. Қатысушылар арасында әлемдік рейтингтің үздік ондығына кіретін 37 дзюдошы бар.

100 келіге дейінгі салмақтағы бәсеке турнирдің жоғары деңгейін айқын көрсетеді. Бұл санатта әлем рейтингінің көшбасшысы, Париж Олимпиадасының командалық жарысындағы қола жүлдегер бразилиялық Леонардо Гонсалвес басты фавориттердің бірі саналады. Оның қоржынында Панамерика чемпионатының алтыны, сондай-ақ Астана мен Лимадағы соңғы жарыстардың жүлделері бар.

Оған әлем рейтингінде екінші орында тұрған италиялық Дженнаро Пирелли қарсы тұрады. Ол биыл Еуропа чемпионы атанып, Ұланбатырдағы Grand Slam мен Лимадағы Grand Prix турнирлерінде жеңіске жеткен.

Басқа салмақ дәрежелерінде де тартыс жоғары болмақ. 70 келіге дейінгі салмақта әлем рейтингінің көшбасшысы, әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері хорватиялық Лара Цвьетко фавориттердің қатарында. Ол биыл Циндаода алтын, Ұланбатырда қола медаль жеңіп, Жерорта теңізі ойындарында үшінші орын алды.

81 келіге дейінгі салмақта әлем рейтингінде екінші тұрған канадалық Франсуа Готье-Драпо өнер көрсетеді. Ол 2025 жылы Париж және Абу-Даби қалаларындағы Grand Slam турнирлерінде жеңіске жеткен.

90 келіге дейінгі салмақта әлем рейтингінің төртінші сатысындағы бразилиялық Рафаэл Маседо да басты назарда болады. Париж Олимпиадасының командалық жарысындағы қола жүлдегер World Judo Tour кезеңдерінде тұрақты түрде жүлде алып жүрген спортшылардың бірі.

Әйелдер арасында 52 келіге дейінгі салмақта италиялық Одэтт Джуффрида татамиге шығады. Әлем чемпионы, Олимпиаданың екі дүркін жүлдегері және Еуропаның екі дүркін чемпионы, тәжірибелі спортшы әлемдік дзюдодағы үздіктердің бірі.

78 келіден жоғары салмақта Израиль өкілі Раз Хершко өнер көрсетеді. Әлем рейтингінде екінші орында тұрған және Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері атанған дзюдошы өзінің мықты әдістері мен жоғары төзімділігімен ерекшеленеді.

Жарыс алдындағы өтінім бойынша ең көп спортшыны жарыс қожайындары Венгрия құрамасы тіркеген - 38 дзюдошы. Франциядан 22, Израильден 19, Әзербайжаннан 18 спортшы қатысады. Нидерланды, Германия, Бразилия және Украина құрамаларында 17 спортшыдан бар.

Қазақстан құрамасы Будапешт татамиіне 12 спортшымен шығады.

60 келіге дейінгі салмақта Мағжан Шамшадин мен Нұрәділ Әлжан, 66 келіде Ақжігіт Насыр мен Мейірбек Байзақов, 73 келіде Есет Қуанов пен Ерсұлтан Дүйсенхан бақ сынайды.

81 келіге дейінгі салмақта Досхан Жолжақсынов, 90 келіде Ермахан Ануарбеков пен Даниил Крылов, 100 келіде Асқар Біржанов өнер көрсетеді.

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Диана Буркеева, ал 78 келіден жоғары салмақта Ақерке Рамазанова татамиге шығады.

Grand Slam әлем чемпионаты қарсаңындағы маңызды жарыстардың бірі саналады. Будапешттегі турнирден кейін дзюдошылардың назары 2026 жылғы әлем чемпионаты өтетін Бакуге ауады. Әлем біріншілігі Grand Slam аяқталғаннан кейін үш аптадан соң басталады.

Жарыстың алғашқы күнінде 48, 52 және 57 келіге дейінгі әйелдер мен 60 және 66 келіге дейінгі ерлер белдеседі. 12 қыркүйекте 63 және 70 келіге дейінгі әйелдер, сондай-ақ 73 және 81 келіге дейінгі ерлер жарыс жолына шығады.

Ал 13 қыркүйекте 78 келіге дейінгі және 78 келіден жоғары әйелдер, 90, 100 және 100 келіден жоғары ерлер арасындағы жүлделер сарапқа салынады.

Финалдық белдесулер үш күнде де Астана уақытымен 21:00-де басталады.

Будапешттегі татамиде әлемнің үздік дзюдошылары бас қосатындықтан, Қазақстан құрамасы үшін бұл жарыс әлем чемпионаты алдындағы маңызды сынақ болмақ.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу