Дакар-2026: Жасөспірімдер Олимпиадасының алауы жағылды
Ойындарға әлемнің әр елінен шамамен 2700 жас спортшы қатысып, спорттың 25 түрінен бақ сынайды.
olympics
Грекияның Афина қаласында 2026 жылғы жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының алауын жағу рәсімі өтті. Биылғы байрақты бәсеке Сенегалдың Дакар қаласында ұйымдастырылады.
Салтанатты шара тарихи «Панатинаикос» стадионында өтті. Олимпиада дәстүріне сәйкес алау күн сәулесінің көмегімен жағылып, кейін Дакар-2026 ұйымдастыру комитетінің өкілдеріне табысталды.
Рәсімнен кейін Олимпиада алауы Сенегалға жол тартты. Оны Дакарға жеткізу 12 қыркүйекке жоспарланған.
14 қыркүйек пен 30 қазан аралығында Сенегал аумағында «Pass the Energy» ұранымен алау эстафетасы өтеді. Эстафета елдің барлық 14 өңірін қамтиды.
Эстафета аяқталған соң алау Дакарға қайта жеткізіледі. 31 қазанда Диамниадиодағы Абдулай Вад атындағы стадионда өтетін ашылу салтанатында жасөспірімдер Олимпиадасының қазаны жағылады. Кейін алау Corniche West жағалауына жеткізіліп, жарыс аяқталғанға дейін сонда сақталады.
Дакар-2026 жасөспірімдер Олимпиадасы 31 қазан мен 13 қараша аралығында өтеді. Жарыстар Дакар, Диамниадио және Сали қалаларындағы үш кластерде ұйымдастырылады.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан құрамасы алдағы Ойындарға спорттың 11 түрінен қатысу құқығына ие болды. Ел намысын 18 қазақстандық атлет қорғайды. Жолдамалар спортшылардың аты-жөніне бекітілмеген. Сондықтан команданың нақты құрамы кейінірек белгілі болады.