Артур Эш аренасындағы басты айқас: Рыбакина Соболенконы жеңе ала ма?
Ойынның басты фаворитін атау сарапшыларға да оңай болмай тұр.
ашық дереккөзден
АҚШ ашық чемпионатының әйелдер арасындағы финалында теннис жанкүйерлері көптен күткен тартыс өтеді. Нью-Йорктегі Артур Эш атындағы аренада әлемнің бірінші және екінші ракеткалары Арина Соболенко мен Елена Рыбакина кездеседі.
Бір жағында US Open турнирінің соңғы екі жылдағы чемпионы және Нью-Йорктегі 20 матчтық жеңіс сериясын жалғастырып келе жатқан Соболенко болса, екінші жағында Қазақстан тарихында бұл турнирдің финалына алғаш рет жеткен Рыбакина тұр.
Бұл жай ғана чемпиондық атақ үшін кездесу емес. Финалдан кейін әлемдік рейтингте де өзгеріс болады. Қалай болғанда да, келесі аптадан бастап Елена Рыбакина WTA рейтингінде бірінші орынға көтеріледі. Яғни Қазақстан теннисінің өкілі үшін бұл финалдың маңызы жекпе-жектің нәтижесінен де ауқымды. Дегенмен басты сұрақ - чемпиондық трофей кімге бұйырады?
Соболенконың басты артықшылығы Нью-Йорктегі тәжірибесі. Арина Соболенко үшін US Open финалына шығу қалыпты жағдайға айналып бара жатқандай. Беларусь өкілі төртінші жыл қатарынан Нью-Йорктегі финалға жетіп отыр. 2023 жылы финалда жеңілген Соболенко кейінгі екі маусымда қатарынан чемпион атанды.
Оған қоса биылғы турнирде Соболенконың Нью-Йорктегі жеңіс сериясы 20 матчқа жетті. Бұл көрсеткіштің өзі-ақ оның осы корттарда қаншалықты сенімді ойнайтынын көрсетеді.
Беларусь теннисшісінің тағы бір маңызды артықшылығы үлкен матчтардағы тәжірибесі. Ол Үлкен дулыға турнирлерінің тоғызыншы финалына шығады. Соболенконың ойыны қарсыласқа тыныс алуға мүмкіндік бермеуге негізделген. Қуатты бірінші доп, агрессивті қабылдау және алаңның екі қапталынан жасалатын жойқын соққылар - оның негізгі қаруы. Егер Арина матчтың алғашқы минуттарынан-ақ өз ырғағын табатын болса, қарсыласына ойынды бақылауға алу қиындайды.
Ал, Елена Рыбакина үшін бұл мансабындағы төртінші Үлкен дулыға финалы. Бірақ бұл турнир олардың арасында ерекше орын алатыны анық. Себебі қазақстандық теннисші US Open тарихында алғаш рет чемпиондық атақ үшін таласады.
Елена биылғы хардтағы Үлкен дулыға турнирлерінде тұрақты нәтиже көрсетіп келеді. Аустралия ашық чемпионатындағы жеңісінен кейін ол хардтағы турнирлерде қатарынан 13 матчта жеңіске жетті.
Нью-Йорктегі жолы да оңай болған жоқ. Рыбакина алдымен Фродин, Бусас Манейро, Стародубцева және Осаканы жеңді. Ал ширек финалда Чжэн Циньвэньге қарсы кездесуде 3:6 есебімен жеңіліп тұрып, матчты өз пайдасына аяқтады. Жартылай финалда да дәл осындай сценарий қайталанды. Коко Гауфф алғашқы сетте басым түссе де, Елена кездесудің бағытын өзгертіп, 3:6, 6:4, 6:4 есебімен жеңіске жетті.
Бұл камбэктер Рыбакинаның қазіргі психологиялық жағдайының өте жоғары екенін көрсетеді. Ол қиын сәтте ойынын жоғалтпай, керісінше матчтың шешуші кезеңінде деңгейін көтере алды. Ал финалда дәл осы қасиет шешуші фактор болуы мүмкін.
Соболенко мен Рыбакинаның ойын мәнері бір-біріне ұқсас. Сондықтан финалда ұзақ әрі баяу теннистен гөрі қысқа, өте жылдам ойын болуы ықтимал.
Бір қарағанда, Соболенконы фаворит деуге болады. Себебі ол Нью-Йоркте үш жыл қатарынан финал ойнап, екі рет чемпион атанды. Артур Эш аренасының атмосферасы оған жақсы таныс.
Бірақ Рыбакинаның да өз артықшылығы бар. Елена биыл Аустралия ашық чемпионатының финалында дәл осы Соболенконы жеңіп, чемпион атанған болатын. Яғни қазақстандық теннисші үлкен финалда Аринаға қарсы ойнаудың не екенін жақсы біледі және оны жеңудің нақты жолын көрсетті. Сондықтан бұл финалда бір ойыншыны айқын фаворит деп атау қиын.
Артур Эш аренасында жексенбі күні өтетін финалдың басты интригасы да осында. Соболенко Нью-Йорктегі 20 матчтық жеңіс сериясын жалғастыра ма, әлде Рыбакина оны тоқтатып, Қазақстанға тарихи US Open титулын сыйлай ма? Жауабын 13 қыркүйекте қос мықтының текетіресінен кейін білетін боламыз.