Дастан Сәтпаев «Челсиге» емделуге аттанады

«Бернли» Дастан Сәтпаевтың оңалу процесін «Челсидің» бақылауына алуына қарсы емес.

Дастан Сәтпаев «Челсиге» емделуге аттанады ашық дереккөзден

Дастан Сәтпаев жарақатына байланысты Лондон клубының базасында медициналық тексеруден өтіп, ем қабылдайды. Одан кейін қазақстандық футболшы жалға алу мерзімін жалғастыру үшін «Бернлиге» қайта оралады. Бұл туралы ағылшындық standard.co.uk басылымы мәлімдеді. 

Дастан Сәтпаев «Бернли» клубының сапында осы уақытқа дейін төрт матчқа қатысып, жақсы қырынан көрінді. Алайда жарақатына байланысты ол «Бристоль Сити» және «Рексэмге» қарсы соңғы кездесулерді өткізіп алды.

Футболшы соңғы рет 2 қыркүйекте «Мидлсброға» қарсы 1:1 есебімен аяқталған ойында алаңға шықты. 

Ақпаратқа сәйкес, Дастан Сәтпаевтың негізгі клубы ретінде «Челси» оның оңалу процесін бақылауға алады. Қазақстандық футболшы Лондон клубының Кобхэмдегі жаттығу базасында медициналық тексеруден өтеді.

«Челси» Дастан Сәтпаевтың осы маусымда бірінші команда деңгейінде мүмкіндігінше көп ойын тәжірибесін жинақтағанын қалайды. Сондықтан клубтың медициналық штабы 18 жастағы футболшының жарақатынан кейінгі қалпына келу процесіне көмектеседі.

Дастан Сәтпаев толық айығып кеткеннен кейін мүмкіндігінше ертерек «Бернлиге» оралып, жалға алу мерзімінің қалған бөлігінде ағылшын клубы сапында өнер көрсетуді жалғастырады.

 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу