Геннадий Головкин жаңа қызметке тағайындалды
Геннадий Головкин ISSA вице-президенті болып сайланды.
olympic.kz
Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Геннадий Головкин Ислам ынтымақтастығы спорт қауымдастығының вице-президенті болып сайланды.
Сайлау бүгін, 12 қыркүйекте Сауд Арабиясының Таиф қаласында өтіп жатқан ISSA-ның 15-ші Бас ассамблеясы аясында өтті.
Головкин 2026-2029 жылдарға арналған Атқарушы комитет құрамына Азия және Еуропа өңірлеріне жауапты вице-президент ретінде кірді. Жаңа қызметінде ол осы өңірлердегі Ұлттық Олимпиадалық комитеттердің атынан ISSA жұмысына қатысып, спортшыларға жаңа мүмкіндіктер ашуға және мүше елдер арасындағы байланысты нығайтуға үлес қосады.
Айта кетейік, Геннадий Головкин 2024 жылдың ақпанынан бері Қазақстан ҰОК президенті қызметін атқарып келеді. Ал 2025 жылдың қарашасында World Boxing ұйымының президенті болып сайланған.