«Тобыл» «Қайратты» ойсырата жеңді
Кездесудің фавориті саналған «Қайрат» күтпеген жерден жеңіліп қалды.
ашық дереккөзден
«Тобыл» Қазақстан Премьер-лигасының 26-туры аясында сырт алаңда алматылық «Қайратты» ірі есеппен жеңді. Алматыда өткен кездесуде қостанайлық клуб 4:1 есебімен басым түсті.
Матчтағы есеп 18-минутта ашылды. «Тобыл» сапындағы Урош Милованович пенальтиді сәтті орындап, командасын алға шығарды.
«Қайрат» ойынның 40-минутында таразы басын теңестірді. Марк Гуаль қақпаға дәл соққы жасап, есепті 1:1-ге жеткізді. Алайда алматылықтар үзіліске тең есеппен шыға алмады. Бірінші таймның 44-минутында Милованович тағы бір гол соғып, дубль авторы атанды.
Екінші таймда қонақтар басымдығын одан әрі арттырды. 63-минутта Виталий Лисакович «Тобылдың» үшінші голын соқты.
Кездесудің нүктесін 81-минутта Луис Герра қойды. Ол «Қайраттың» қақпасын дәл көздеп, қостанайлықтардың жеңісін 4:1-ге жеткізді.
Осы жеңілістен кейін Алматы клубы 57 ұпаймен екінші орында қалды. Бірінші орында 58 ұпайы бар Шымкенттің «Ордабасы» командасы тұр.
Ал «Тобыл» маңызды жеңістің арқасында ұпай санын 34-ке жеткізіп, турнирлік кестеде жетінші орынға көтерілді.