Қазақстан құрамасының дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын құрамы белгілі болды

Әзірге алдын ала тізім жарияланды.

Қазақстан құрамасының дзюдодан әлем чемпионатына қатысатын құрамы белгілі болды ашық дереккөзден

Қазақстанның дзюдодан ерлер және әйелдер құрамасының Бакуде өтетін әлем чемпионатына қатысатын тізімі жарияланды.

Әлем біріншілігі Әзербайжан астанасы Бакуде 4-11 қазан аралығында өтеді. Қазақстандық дзюдошылар жекелей және аралас-командалық жарыстарда бақ сынайды.

Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Бақытжан Аман мен Шерзод Давлатов өнер көрсетеді. 66 келіде ел намысын Нұрқанат Серікбаев пен Асылжан Жұбатқанов қорғайды. 73 келіде Есет Қуанов пен Аңсарбек Ғайнуллин, 81 келіде Жалғас Қайролла мен Абылайхан Жұбаназар татамиге шығады. Ал 90 келіге дейінгі салмақта Қазақстан атынан Данил Крылов қатысады.

Әйелдер арасында 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Абужақынова мен Ғалия Тынбаева бақ сынайды. 63 келіде Эсмигүл Куюлова, 78 келіде Аруна Жангельдина өнер көрсетеді. 78 келіден жоғары салмақта Ақерке Рамазанова мен Камила Берліқаш ел намысын қорғайды.

Қазақстан құрамасы аралас-командалық жарысқа да қатысады.

Ерлер сапында бұл бәсекеге Ерсұлтан Дүйсенхан (73 кг), Данил Крылов (90 кг), Ермахан Ануарбеков (90 кг) және Жантілек Нұртілепұлы (+90 кг) енгізілген.

Әйелдер құрамында Дина Мұханбет (57 кг), Дана Әбдірова (57 кг), Асхат Ажар (70 кг), Мөлдір Нарынова (70 кг), Ақерке Рамазанова (+78 кг) және Камила Берліқаш (+78 кг) бар.

Айта кетейік, бұл әзірге алдын ала тізім. Әлем чемпионатына дейін құрамға өзгерістер енгізілуі мүмкін.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу