Асланбек Шымбергенов мансабын аяқтады
Қазақстандық спортшы отандық және халықаралық аренада ел намысын абыроймен қорғап, ұзақ жылдар бойы ұлттық құраманың көшбасшыларының бірі болды.
ашық дереккөзден
Әлем чемпионы Асланбек Шымбергенов бокстағы кәсіби жолын аяқтау туралы шешім қабылдады.
Шымбергеновтің спорттағы жолы айтулы жеңістер мен ірі жарыстардағы жарқын нәтижелерге толы.
Асланбек Шымбергенов Қазақстан чемпионатында екі рет жеңімпаз атанды. 2019 жылы әскери қызметшілер арасындағы әлем чемпионатында топ жарса, 2022 жылы Азия чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Боксшының мансабындағы ең биік жетістігі - 2023 жылы әлем чемпионатында жеңімпаз атануы. Осылайша Шымбергенов әлемнің ең мықты боксшыларының қатарынан көрініп, Қазақстан боксының халықаралық аренадағы беделін арттырды.
Спортшының қоржынында Азия ойындарының екі медалі де бар. Ол 2018 жылы күміс жүлдеге ие болса, 2023 жылғы Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды.
2024 жылы Асланбек Шымбергенов Парижде өткен XXXIII жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын қорғады.
Осылайша әлем чемпионы, Азия чемпионы және ұлттық құраманың экс-капитаны Асланбек Шымбергенов отандық бокс тарихында өзіндік із қалдырған спортшылардың бірі ретінде рингтегі ұзақ жолын қорытындылады. Оның басты жеңістері мен ұлттық құрама сапындағы көшбасшылық рөлі Қазақстан боксының жаңа буынына үлгі болары сөзсіз.