«Тобыл» футбол клубы жекеменшікке өтті
«Тобыл» жекеменшікке өткенімен, клубқа көрсетілетін мемлекеттік қолдау жалғасын табады.
ашық дереккөзден
«Олжа Агро» холдингі Қостанайдың «Тобыл» футбол клубының жаңа иесі атанды.
Клубты жекеменшікке өткізу туралы шешім Мемлекет басшысының кәсіби футбол клубтарын коммерцияландыру және қазақстандық спортқа жеке капитал тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру аясында қабылданған.
Жаңа қожайынның келуімен «Тобыл» үшін дамудың жаңа кезеңі басталмақ. Негізгі басымдықтардың қатарында клубтың қаржылық және басқару тұрақтылығын арттыру, тұрақты спорттық нәтижелерге қол жеткізуге жағдай жасау, футбол инфрақұрылымын дамыту, балалар мен жасөспірімдер футболына көңіл бөлу және өз тәрбиеленушілерін дайындау жүйесін қалыптастыру бар.
Сонымен қатар клуб өзінің тарихи болмысын, дәстүрін және Қостанай облысы мен жанкүйерлерімен тығыз байланысын сақтап қалады.
Клубтың жаңа иесі «Тобылды» ұзақ мерзімді жоба ретінде қарастырып отыр.