Астанада WTT Star Contender Astana 2026 турнирінің негізгі кезеңі басталады

Турнирдің іріктеу кезеңі мәресіне жетті.

Астанада WTT Star Contender Astana 2026 турнирінің негізгі кезеңі басталады ашық дереккөзден

Бүгін Астанада үстел теннисінен «WTT Star Contender Astana 2026 - President’s Cup» халықаралық турнирінің негізгі кезеңі басталады. 15-20 қыркүйек аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында өтіп жатқан жарысқа әлемнің 29 елінен спортшылар қатысып жатыр.

Жарыстың жүлде қоры 300 мың АҚШ долларын құрайды. Елорда төрінде Олимпиада ойындарының, әлем, Азия және Еуропа чемпионаттарының жүлдегерлері бақ сынауда. Қазақстан атынан турнирге 35 спортшы қатысады.

Кеше спортшылар жаттығу залында дайындық жұмыстарын жүргізді. Олардың қатарында Франция өкілі Алексис Лебрун, Германиядан Данг Цю мен Патрик Франциска, Қытайдан Чжоу Цихао, Жапониядан Рёичи Ёшияма, Хонока Хасимото мен Миа Хирано, Румыниядан Бернадетте Сёч пен Элизабет Самара, Үндістаннан Маника Батра, Ресейден Элизабет Абраамян және Пуэрто-Рикодан Адриана Диас бар.

Бүгін жарыстың негізгі кезеңіндегі кездесулер басталады. Қазақстандық спортшылар бірнеше санат бойынша сынға түседі.

Ерлер арасындағы жекелей сында Фанг Бо 1/32 финалда өнер көрсетеді.

Ерлер арасындағы жұптық сында Сагантай Құрмамбаев пен Ирисбек Артуқметов, сондай-ақ Фанг Бо мен Оңтүстік Корея өкілі Пак Канхён 1/8 финалда бақ сынайды.

Әйелдер арасындағы жұптық сында Гузель Торшаева мен Арай Ашкеева, Ойдин Камилжанова мен Айназ Әділгереева 1/8 финалда жарыс жолына шығады.

Аралас жұптық сында Фанг Бо мен Цзя Нань Юань 1/8 финалда өнер көрсетеді.

«WTT Star Contender Astana 2026 - President’s Cup» турнирі 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу