«Барыс» Тольяттиде «Ладаны» ойсырата ұтты
Елордалық хоккей клубы жаңа маусымдағы үшінші жеңісін тіркеді.
ашық дереккөзден
«Барыс» Құрлықтық хоккей лигасындағы жаңа маусымда алғашқы сырт алаңдағы матчын жеңіспен бастады. Михаил Кравец шәкірттері Тольяттиде жергілікті «Лададан» 6:0 есебімен басым түсті.
Ойынның алғашқы кезеңінде астаналықтар бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. «Барыс» үш гол соғуға мүмкіндік алды. Алайда қарсылас қақпашысы Никита Подскребалин өз командасын бірнеше рет құтқарып қалды.
Кездесудегі есеп бірінші кезеңнің соңына қарай ашылды. 18-минутта Джейк Масси «Барысты» алға шығарды. Оған Өмірбеков пен Батырлан Мұратов нәтижелі пас берді.
Екінші кезеңнің басында Джастин Бэйли алыстан дәл соққы жасап, астаналықтардың басымдығын арттырды. Ал кезең аяқталуға 46 секунд қалғанда Семён Симонов есепті 3:0-ге жеткізді.
Үшінші кезеңде «Барыс» тағы үш шайба соқты. 46-минутта Иэн Маккошен есепті 4:0 етсе, Джастин Бэйли 53-минутта осы ойындағы екінші шайбасын соқты. Кездесудің соңғы нүктесін 55-минутта Тайс Томпсон қойды.
Осылайша, «Барыс» «Ладаны» 6:0 есебімен жеңіп, жаңа маусымдағы алғашқы сырт алаңдағы жеңісіне қол жеткізді.
«Барыс» келесі кездесуін 18 қыркүйекте Магнитогорскіде жергілікті «Металлургке» қарсы өткізеді.