Қазақстан құрамасы шахмат Олимпиадасын қос жеңіспен бастады
Қазақстан құрамалары алғашқы екі ұпайға қол жеткізді.
ашық дереккөзден
Шахматтан Қазақстанның ерлер және әйелдер құрамалары Самарқанда өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуде. Алғашқы турда қос құрама да қарсыластарын 4:0 есебімен жеңіп, жарысты жеңіспен бастады.
Әйелдер құрамасы алғашқы турда Ботсвана командасымен кездесті. Қазақстандық шахматшылар төрт тақтаның барлығында жеңіске жетті. Алуа Нұрман Онкеметсе Фрэнсисті, Меруерт Камалиденова Натали Катло Банданы, Елназ Қалиахмет Тхапело Фрэнсисті, Зарина Нұрғалиева Майя Отимилені ұтты.
Ерлер құрамасы алғашқы турда Гаити шахматшыларымен сынға түсіп, 4:0 есебімен басым түсті. Сауат Нұрғалиев Дэвидсон Габриэльден, Даниял Сапенов Маркенс Жан Луиден, Алдияр Ансат Кемли Жерминальден, Жандос Агманов Ричи Дэвид Вольсимустан басым түсті.
Осылайша екі құрама да командалық есепке екі ұпайдан қосты. Олимпиадада әр команда құрамында бес шахматшыдан тіркелгенімен, әр турда төрт спортшы ғана сынға түседі. Бір шахматшы резервте қалады.
Қазақстан әйелдер құрамасында алғашқы турда Бибісара Асаубаева демалыс алып, оның орнына бірінші тақтада Алуа Нұрман ойнады. Ал ерлер командасында Денис Махнёв алғашқы турға қатыспады. Бірінші тақтада Сауат Нұрғалиев өнер көрсетті.
46-шы шахмат Олимпиадасы Самарқанда 15-27 қыркүйек аралығында өтуде. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрады. Биылғы Олимпиадаға рекордтық 398 команда қатысып жатыр. Оның 207-сі Open турнирінде, 191-і әйелдер арасындағы бәсекеде өнер көрсетуде.