Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының президентін қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев Петра Сёрлингті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Мемлекет басшысы Халықаралық үстел теннисі федерациясының президентін қабылдады Ақорда

Кездесу барысында Мемлекет басшысы Қазақстанда үстел теннисінің дамуына тұрақты қолдау көрсетіп келе жатқан Петра Сёрлингке алғыс білдірді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның Халықаралық үстел теннисі федерациясымен ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ерекше мән беретінін атап өтті. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді. 

Президенттің айтуынша, елімізде жастардың үстел теннисіне қызығушылығы артып келеді. Қазіргі таңда Қазақстанда 260 мыңнан астам адам үстел теннисімен тұрақты түрде айналысады. Осы бағытта спорт резервін даярлау және түрлі деңгейдегі жарыстар өткізуге қажетті инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қасым-Жомарт Тоқаев 2027 жылы Астанада үстел теннисінен өтетін әлем чемпионатын ұйымдастыруға көрсеткен қолдауы үшін Петра Сёрлингке ризашылығын білдірді.

Аталған дода Орталық Азия аумағында үстел теннисінен алғаш рет ұйымдастырылатын әлем чемпионаты болмақ. Кездесу барысында тараптар алдағы жарыстың тарихи маңызына тоқталды. Бұл турнир Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азия өңірінде үстел теннисінің одан әрі дамуына ықпал етеді деп күтіледі.

Өз кезегінде Петра Сёрлинг үстел теннисіне жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін Қазақстан Президентіне алғыс айтып, ITTF-тің осы спорт түрін одан әрі дамыту және насихаттау жөніндегі жоспарларымен бөлісті.

Кездесу соңында Мемлекет басшысы Қазақстанда үстел теннисін дамытуға қосқан үлесі үшін Петра Сёрлингті II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу