Қазақстан әйелдер құрамасы шахмат Олимпиадасында үшінші жеңісіне жетті
Шахмат Олимпиадасында 398 команда сынға түсуде.
ашық дереккөзден
Самарқандта шахматтан 46-шы Олимпиаданың үшінші туры өтті. Әйелдер арасында Қазақстан құрамасы Словенияны 3,5:0,5 есебімен жеңді. Бибісара Асаубаева Лаура Унукпен тең түссе, Алуа Нұрман, Елназ Қалиахмет және Зарина Нұрғалиева қарсыластарын ұтты.
Осылайша, қазақстандық шахматшылар жарыста қатарынан үшінші жеңісіне қол жеткізді.
Ал Қазақстан ерлер құрамасы Франциядан 0,5:3,5 есебімен жеңілді. Құрамамыз сапынан Денис Махнёв Максим Вашье-Лагравпен тең ойнады. Сауат Нұрғалиев, Алдияр Аңсат және Жандос Ағманов өз партияларында жеңіліс тапты.
Бұған дейін ерлер құрамасы Гаити мен Нигерияны жеңген болатын.
Айта кетейік, 46-шы шахмат Олимпиадасы Самарқандта 15-27 қыркүйек аралығында өтуде. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрады. Биылғы Олимпиадаға рекордтық 398 команда қатысып жатыр. Оның 207-сі Open турнирінде, 191-і әйелдер арасындағы бәсекеде өнер көрсетуде.