Қазақстан құрамасы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысты

Көк байрақ астында сап түзеген қазақстандық спортшылардың алдында Азия құрлығындағы үздіктермен бәсекеде ел қоржынына жүлде салу міндеті тұр.

Қазақстан құрамасы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысты ҚР ҰОК

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында ХХ жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты өтуде. Құрлықтағы ең ірі спорттық додалардың бірі саналатын бәсекеде Азияның үздік спортшылары бас қосты.

Ашылу салтанатында Қазақстан ұлттық құрамасы да салтанатты шеруге қатысып, еліміздің көк туын биікке көтерді.

Қазақстанның Мемлекеттік туын Париж Олимпиадасының чемпионы, дзюдошы Елдос Сметов пен үстел теннисінен ұлттық құрама мүшесі Сарвиноз Миркадирова алып шықты.

Бұл Қазақстан спортшылары үшін төрт жылдық циклдегі маңызды жарыстардың бірі болмақ. Биылғы Азия ойындарында ел намысын 558 спортшы қорғайды. Қазақстан құрамасы 35 спорт түрінен бақ сынап, жүлдеге таласады.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасының сапында Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттарында топ жарған тәжірибелі спортшылармен қатар, халықаралық аренада өз мүмкіндігін енді дәлелдеп келе жатқан жас атлеттер де бар.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу