Джон ван ’т Шкип Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасындағы матчтары туралы пікір білдірді
Бүгін Ұлттық құрама сапына «Зенит» қорғаушысы Нұралы Әліп пен «Жеңіс» ойыншысы Исламбек Қуат келіп қосылды.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасының бас бапкері Джон ван ’т Шкип ұлттық команданың оқу-жаттығу жиынының басталуы және Ұлттар лигасындағы алдағы қарсыластары туралы пікір білдірді.
«Кеше оқу-жаттығу жиынының алғашқы күні өтті. Ойыншылар өз клубтарындағы матчтардан кейін келді. Сондықтан жаттығу қалпына келуге бағытталды. Қазір құрам толық жиналған жоқ. Дегенмен, көңіл-күй мен атмосфера жақсы. Біртіндеп қарқын алып келеміз», - деді маман.
Бас бапкер Словакия құрамасының фаворит екенін атап өтті. Алайда қазір команда алғашқы матчқа Фарер аралдарына қарсы кездесуге дайындыққа басымдық беріп отыр.
«Словакия - фаворит екенін білеміз. Бірақ, ең бастысы алдағы Фарер аралдарына қарсы ойынға назар аудару және өзіміздің ойын жоспарымызды командаға біртіндеп енгізу», - деді Джон ван ’т Шкип.
Маман футболшыларға алдағы ойындардың тығыз кестесіне дайын болу керектігін айтты. Қазақстан құрамасы қысқа мерзім ішінде төрт матч өткізеді.
Айта кетейік, 14 қыркүйекте Джон ван ’т Шкип Ұлттар лигасының алғашқы ойындарына қатысатын 28 футболшыдан тұратын соңғы құрамды жариялаған болатын.
Қазақстан құрамасы 26 қыркүйекте сырт алаңда Фарер аралдарымен, 29 қыркүйекте Словакиямен кездеседі. Одан кейін ұлттық құрама 2 қазанда өз алаңында Молдованы қабылдап, 6 қазанда Фарер аралдарына қарсы қарымта матч өткізеді.