Ел қоржынына бесінші медаль түсті: Жоламан Биғабыл Азия ойындарының чемпионы атанды
Қазақстандық спортшылар бүгін үш бірдей алтын медальға қол жеткізді.
ҚР ҰОК
Аичи-Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы алтын медаль жеңіп алды.
Каратэден 55 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Жоламан Биғабыл ақтық сында Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовпен кездесіп, 9:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша қазақстандық спортшы Азия ойындарының чемпионы атанды.
Бұған дейін Жоламан Биғабыл жартылай финалда Индонезия спортшысы Мұхаммад Жануарды 6:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алған болатын.
Осылайша, Қазақстан құрамасының Аичи-Нагоядағы Азия ойындарындағы жүлде саны беске жетті. Ел қоржынында екі алтын және үш қола медаль бар.
Бұған дейін велоспорттан Рината Сұлтанова мен Алексей Луценко чемпион атанса, триатлоннан Арлан Жанабай және қазіргі бессайыстан Қазақстанның ерлер құрамасы қола жүлдеге ие болған еді.
Сондай-ақ бүгін 5×5 форматындағы баскетболдан Қазақстан әйелдер құрамасы топтық кезеңдегі екінші кездесуін өткізді. В тобында өнер көрсеткен қазақстандық баскетболшылар жарыс қожайыны Жапония құрамасымен кездесіп, 23:88 есебімен жеңіліп қалды.
Енді отандастарымыз топтағы шешуші ойынын 22 қыркүйекте Гонконг құрамасына қарсы өткізеді.
Айта кетейік, бүгін Қазақстан құрамасынан каратэші Софья Берульцева +68 келі салмақта Азия ойындарының алтыны үшін сынға түседі.