Шахмат Олимпиадасында Қазақстан әйелдер құрамасы Германияны жеңді
Қазақстан әйелдер құрамасы жеңісті сериясын жалғастырды.
ашық дереккөзден
Қазақстандық шахматшылар Самарқандта өтіп жатқан 46-шы Дүниежүзілік шахмат олимпиадасының бесінші турында кезекті кездесулерін өткізді.
Әйелдер арасындағы жарыста Қазақстан құрамасы Германия командасымен кездесті. Әлемдік рейтингте үздік ондыққа кіретін қарсыласпен өткен матч бес сағатқа созылып, Қазақстан құрамасының 2,5:1,5 есебімен жеңісімен аяқталды.
Команда сапында Меруерт Камалиденова жеңіске жетіп, Қазақстан қоржынына шешуші ұпайды салды. Ол Ханна Мари Клекпен болған партияда басым түсті. Ал Бибісара Асаубаева - Динара Вагнер, Алуа Нұрман - Элизабет Петц және Елназ Калиахмет - Яна Шнайдер кездесулері тең нәтижемен аяқталды.
Ерлер арасындағы бәсекеде Қазақстан құрамасы Эстониямен күш сынасты. Кездесу 2:2 есебімен тең аяқталды.
Қазақстан құрамасы сапынан Сауат Нұрғалиев Кирилл Чукавинді жеңді. Денис Махнёв - Илья Сирош және Даниал Сапенов - Меэлис Канеп партияларында тең нәтиже тіркелді. Ал Аңсат Алдияр Дион Кривенкодан жеңіліп қалды.
Осылайша Қазақстан әйелдер құрамасы жарыстағы жеңісті сериясын жалғастырды. Ал ерлер командасы бесінші турда алғашқы тең нәтижесін тіркеді.
Алтыншы турдың партиялары ертең өтеді. Жарыс 27 қыркүйекте мәресіне жетеді.