«Барыс» «Локомотивті» ойсырата жеңді

22 қыркүйекте Михаил Кравец шәкірттері Мәскеуде жергілікті «Динамоға» қарсы ойнайды.

«Барыс» «Локомотивті» ойсырата жеңді ашық дереккөзден

Астаналық «Барыс» ҚХЛ тұрақты чемпионатындағы үшінші сырт алаңдағы кездесуін Ярославльде өткізіп, жергілікті «Локомотивті» ірі есеппен жеңді.

Кездесу алдында «Барыс» құрамына бірнеше өзгеріс енгізілді. Аңсар Шайхмедденов, Аркадий Шестаков, Кирилл Панюков және Мәди Диханбек ойынға қосылды. Олардың соңғы үшеуі осы маусымда ҚХЛ-дегі алғашқы матчын өткізді. Қақпада Андрей Шутов тұрды.

Матчты алаң иелері жоғары қарқынмен бастап, алғашқы минуттарда бастаманы өз қолына алды. Дегенмен «Барыс» қарсыластың қысымына төтеп беріп, біртіндеп ойынды өз қақпасынан алыстатты.

Бірінші кезеңнің соңына қарай астаналық клуб есеп ашты. Гарретт Пилонның пасынан кейін шабуылға қосылған Джейк Масси Алексей Мельничукты қапы қалдырды. 

Арада көп уақыт өтпей, «Барыс» есеп айырмасын ұлғайтты. Семен Симоновтың нәтижелі пасын Логан Дэй дәл пайдаланып, қақпаға дәл соққы жасады - 0:2.

Екінші кезеңде де «Локомотив» шайбаны көбірек бақылап, шабуылдар ұйымдастырды. Алайда «Барыс» қорғаныста сауатты ойнады. Кезең соңында астаналықтар тағы екі рет мергендік танытты.

Алдымен Джастин Бэйли Гарретт Пилонның соққысынан кейін шайба бағытын өзгертіп, есепті 3:0-ге жеткізді. Кейін Аңсар Шайхмедденов қақпа сыртынан шығып, төртінші шайбаны соқты. Осыдан кейін «Локомотив» қақпасын қорғауға Даниил Исаев шықты.

Алайда ол да «Барыстың» шабуылын тоқтата алмады. Үшінші кезеңнің басында Семен Симонов дәл соққы жасап, шайбаны қақпаның тоғыздығына түсірді - 0:5.

Қалған уақытта «Барыс» есепті сақтап, кездесуді жеңіспен аяқтады. 

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу