XDS Astana Team велошабандозы Бельгиядағы біркүндік жарыста топ жарды
Макс Кантер маусымдағы екінші жеңісіне қол жеткізді.
ашық дереккөзден
XDS Astana Team командасының велошабандозы Макс Кантер Бельгияда өткен «Гойксе Пейл» біркүндік жарысының жеңімпазы атанды.
Жарыс барысында спортшылар бірнеше рет шабуыл жасап, топтан ұзап кетуге тырысты. Алайда шешуші сәтте негізгі топ қайта бірігіп, жарыс жаппай спринтпен аяқталды.
Макс Кантер мәреге 200 метр қалғанда спринтті бастап, жеңіске жетті. Ол ұзақтығы 195,8 шақырым болатын жарыс жолын 4 сағат 15 минут 25 секундта бағындырды. Нидерландылық Фритс Бистербос мәре сызығын екінші болып кессе, Бельгия өкілі Йорди Мёйс үздік үштікті түйіндеді.
Бұл XDS Astana Team үшін маусымдағы 28-ші жеңіс болды. Ал Макс Кантер биыл екінші мәрте жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Ол бұған дейін «Париж-Ницца» көпкүндігінің екінші кезеңінде топ жарған еді.
Бельгиядағы жарыстан кейін Кантер маусымның соңғы бөлігін Азияда өткізеді. Велошабандоз Гонконгтағы біркүндік жарысқа және «Гуанси турына» қатысады.