Қазақстандық боксшылардың Азия Ойындарындағы қарсыластары анықталды
Алғашқы жарыс күні Қазақстан құрамасының боксшылары шаршы алаңға шықпайды.
ашық дереккөзден
Аичи-Нагояда өтіп жатқан XX жазғы Азия Ойындарындағы бокс бәсекесінің жеребесі тартылып, Қазақстан құрамасы өкілдерінің алғашқы қарсыластары анықталды.
Әйелдер арасында 51 келіге дейінгі салмақта Алуа Балқыбекова 1/8 финалда Үндістан өкілі Сакши Чаудхари мен Филиппин боксшысы, Париж Олимпиадасының қола жүлдегері Айра Виллегастың арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен кездеседі.
54 келіде Назым Қызайбай 1/8 финалда Қытай спортшысы Ксуа Жаомен жұдырықтасады. 60 келіде Виктория Графеева Тайпей өкілі, Париж Олимпиадасының чемпионы әрі екі дүркін әлем чемпионы Линь Юй-Тинмен кездеседі.
65 келіде Аида Әбікеева жарысты ширек финалдан бастайды. Оның қарсыласы Қытай боксшысы Шу Ли мен Непал өкілі Кусум Таманг арасындағы кездесудің жеңімпазы болады.
75 келіде Наталья Богданова ширек финалда Өзбекстан өкілі, 2025 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері Азиза Зокировамен күш сынасады.
Ерлер арасында 55 келіге дейінгі салмақта Махмұд Сабырхан 1/8 финалда Солтүстік Корея өкілі Чон Рионг Со мен Иран боксшысы Мехди Каземи арасындағы жекпе-жектің жеңімпазын күтеді.
60 келіде Оразбек Асылқұлов 1/8 финалда Тайпей өкілі Жун-ю Линь мен Оңтүстік Корея боксшысы Донгхван Жанг арасындағы кездесудің жеңімпазымен жұдырықтасады.
70 келіде Төрехан Сабырхан 1/8 финалда Вьетнам өкілі Дук Нгок Нгуен мен Қатар боксшысы Мохаммед Дбичи арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен кездеседі.
80 келіде Сабыржан Аққалықов 1/8 финалда Оңтүстік Корея боксшысы Минсеонг Кимге қарсы шаршы алаңға шығады. 90 келіде Нұрбек Оралбайдың алғашқы қарсыласы - Ауғанстан өкілі Силаб Нури.
Ал аса ауыр салмақта (+90 келі) Айбек Оралбай жарысты ширек финалдан бастайды. Қазақстандық боксшы Қырғызстан өкілі Мирзакир Кошалиев пен Түрікменстан спортшысы Довлет Исламов арасындағы жекпе-жек жеңімпазымен кездеседі.
Айта кетейік, Азия Ойындарындағы бокс жарысы 21 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтеді.