Қазақстан құрамасы шахмат Олимпиадасында Әзербайжаннан басым түсті
23 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Қытаймен бірінші орын үшін таласады.
ашық дереккөзден
Қазақстан әйелдер құрамасы Самарқандта өтіп жатқан 2026 жылғы шахмат Олимпиадасының алтыншы турында Әзербайжан құрамасын 2,5:1,5 есебімен жеңіп, қатарынан алтыншы жеңісіне қол жеткізді.
Кездесуде Қазақстан сапынан Алуа Нұрман жеңіске жетсе, Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова және Зарина Нұрғалиева өз партияларын тең нәтижемен аяқтады.
Осы жеңістен кейін Қазақстан құрамасы турнир кестесінде екінші орынға көтерілді. Қатарынан алты рет жеңіске жеткен командалар қатарында Қазақстан мен Қытай бар.
Енді қазақстандық шахматшылар 23 қыркүйекте бірінші орын үшін Қытай құрамасымен кездеседі.
Ал Қазақстан ерлер құрамасы Колумбияны 3,5:0,5 есебімен жеңді. Енді құрамалар біркүндік демалысқа кетеді.