Қазақстан құрамасы Испанияға қарсы матчқа сақадай сай
Ертең, 23 қыркүйекте Қазақстан құрамасы Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испаниямен кездеседі.
ашық дереккөзден
Қытайдың Шэньчжэнь қаласында Қазақстан әйелдер теннис құрамасының баспасөз мәслихаты өтті. Кездесу Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испанияға қарсы өтетін матч қарсаңында ұйымдастырылды.
Журналистердің сұрақтарына ұлттық құраманың капитаны Юрий Щукин, сондай-ақ Юлия Путинцева, Анна Данилина, Жібек Құламбаева және Соня Жиенбаева жауап берді.
Баспасөз мәслихатында қазақстандық теннисшілер турнирге дайындық барысы, команданың көңіл күйі және Испанияға қарсы алдағы кездесуге қатысты ойларымен бөлісті.
Юрий Щукин Қазақстан құрамасы үшін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңінде өнер көрсетудің үлкен мәртебе екенін атап өтті. Оның айтуынша, команда Испанияға қарсы кездесуді асыға күтіп отыр және жеңіске жету үшін бар күшін салуға ниетті.
Қазақстан құрамасы 23 қыркүйекте Билли Джин Кинг кубогының ширек финалында Испаниямен кездеседі. Матч Астана уақытымен 14:00-де басталады.
Кездесу екі жекелей және бір жұптық ойыннан тұрады. Жартылай финалға шығу үшін командалардың біріне екі жеңіс қажет.
Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңі 22-27 қыркүйек аралығында Шэньчжэньде өтуде. Әлем чемпионы атағын сегіз ұлттық құрама сарапқа салып жатыр.