Үстел теннисінен ерлер құрамасы Азия ойындарында тарихи нәтиже көрсетті

Қазақстандықтар топтық кезеңде үш кездесудің үшеуінде де жеңіске жетіп, топта 1-орын алды.

Үстел теннисінен ерлер құрамасы Азия ойындарында тарихи нәтиже көрсетті gov.kz

Қазақстанның үстел теннисінен ерлер құрамасы Жапонияның Айти префектурасында, Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ Жазғы Азия ойындарындағы командалық жарысты 5-орынмен аяқтады, деп жазады insport.kz сайты.

Бұл – Қазақстан ерлер құрамасының Азия ойындары тарихындағы командалық жарыстағы ең үздік нәтижесі.

Ұлттық құрама Бангладешті – 3:0, Сингапурды – 3:1, Лаосты – 3:1 есебімен жеңді.

1/8 финалда Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев және Санжар Жұбановтан құралған команда Бахрейннен 3:0 есебімен басым түсті.

Ширек финалда қазақстандық спортшылар жарыс қожайыны Жапония құрамасымен кездесті. Тартысты бәсеке жапониялықтардың 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды.

Кездесулер нәтижесі:

Алан Құрманғалиев – Томокадзу Харимото 0:3 (5:11, 5:11, 5:11);

Кирилл Герасименко – Сора Мацушима 2:3 (11:7, 6:11, 11:8, 7:11, 10:12);

Санжар Жұбанов – Шунсуке Тогами 0:3 (8:11, 5:11, 8:11).

Ширек финалдағы ең тартысты кездесу Кирилл Герасименко мен әлемнің 3-ракеткасы Сора Мацушима арасында өтті. Бесінші, шешуші партияда қазақстандық спортшы 10:8 есебімен алда тұрғанымен, жапониялық қарсыласы қатарынан ұпай алып, партияны 12:10, ал кездесуді 3:2 есебімен өз пайдасына аяқтады.

Осылайша, Қазақстан құрамасы жарысты 5-орынмен қорытындылап, Азия ойындарындағы командалық жарыста өз тарихындағы үздік көрсеткішіне қол жеткізді.

Ал жартылай финалда Қытай – Қытай Тайбэйі және Жапония – Корея Республикасы құрамалары кездеседі.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу