Артём Саркисян Азиадада қола жүлде иеленді
Артём Саркисян алғаш рет Азия ойындарының жүлдегері атанды.
kazfencing
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия Ойындарында Қазақстан қоржынына кезекті медаль түсті.
Ерлер арасындағы қылыш сайысында Қазақстан спортшысы Артём Саркисян жартылай финалда Оңтүстік Кореяның үш дүркін Олимпиада чемпионы О Сан Укпен кездесіп, 9:15 есебімен жеңіліп қалды. Осылайша қазақстандық семсерлесуші жарысты қола жүлдемен аяқтады.
Бұл Артём Саркисянның Азиададағы алғашқы жүлдесі. Ол бұған дейін 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия Ойындарында өнер көрсетіп, ширек финалға дейін жеткен еді.
Саркисянның қола медалі Қазақстан семсерлесуі үшін тарихи жетістікке айналды. 1994 жылдан бері Азия ойындарында қылыштың жекелей бағдарламасында Қазақстан спортшылары жүлдеге ие болмаған еді. Осылайша Артём Саркисян бұл көрсеткішті жаңартып, аталған бағдарламада елге алғашқы медальді сыйлады.