Милад Карими Азия ойындарында тарихи жүлде жеңіп алды

Соңғы 32 жылда алғаш рет Қазақстан гимнастикадан Азия Ойындарының жүлдесіне қол жеткізді.

Милад Карими Азия ойындарында тарихи жүлде жеңіп алды ашық дереккөзден

Қазақстандық гимнаст Милад Карими Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарында гимнастикадан еркін жаттығуда күміс медаль жеңіп алды.

Финалда 14.600 ұпай жинаған қазақстандық спортшы екінші орынға тұрақтады. Филиппин өкілі Карлос Эдриэль Юло 14.666 ұпаймен алтын медаль иеленсе, жапониялық Сёма Цукияма 14.566 ұпаймен үздік үштікті түйіндеді.

Бәсекеден кейін спортшы ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетіне берген сұхбатында жарыстың оңай болмағанын айтып, өз өнеріне көңілі толатынын жеткізді.

«Кез келген жүлде мен үшін қымбат. Оның артында орасан зор еңбек жатыр. Бәсеке оңай болған жоқ. Бүгін іріктеу кезеңіне қарағанда жеңіске деген құлшынысым жоғары болды. Алғашқы күндері бәрі ойдағыдай бола бермеді: күрделі элементтерді орындауда қиындықтар болды, соның салдарынан командалық есепте төртінші орын алдық.

Ал бүгін бәрі ойдағыдай өтті. Бірінші орынға сәл ғана жетпей қалдым. Дегенмен өз жұмысымды атқарып, барымды салдым», - деді Милад Карими.

Карими үшін бұл жүлденің тарихи маңызы бар. Қазақстан еркін жаттығу бағдарламасында Азия ойындарында соңғы 32 жылда алғаш рет жүлдеге қол жеткізді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу