Қазақстан құрамасы Фарер аралдарына аман-есен жетті
Дәл қазір Фарер аралдарында ойын алдындағы баспасөз мәслихаты басталады.
ашық дереккөзден
Футболдан Қазақстан құрамасы Ұлттар лигасындағы матч алдында Фарер аралдарына ұшып барды.
Ұлттық құраманың Астанадан ұшқан чартерлік рейсі бастапқыда 24 қыркүйек күні Фарер аралдарына қонуы тиіс еді. Алайда қолайсыз ауа райына байланысты Воар әуежайындағы бірқатар рейс тоқтатылып, қазақстандық делегацияның ұшып келуі 25 қыркүйекке шегерілді. 25 қыркүйек сағат 5:00-де құрамамыз Фарер аралдарына жол тартып, Қазақстан уақытымен сағат 14.00-де аман-есен жетті.
Айта кетейік, Қазақстан құрамасынан алдағы кездесуге бірнеше негізгі ойыншы қатыса алмайды. Әлібек Қасым, Ислам Чесноков және Максим Самородов жарақат алған. Қасым мен Самородовтың Словакияға қарсы сырт алаңдағы ойынға да қатыспайтыны белгілі болды. Ал Чесноков алдағы төрт кездесудің барлығын өткізіп алады.
Қазақстан мен Фарер аралдары арасындағы Ұлттар лигасының C3 тобындағы бірінші тур матчы 26 қыркүйекте «Торсволдур» стадионында өтеді. Кездесу Астана уақытымен сағат 21:00-де басталады.