Қазақстандық семсерлесушілер Азия Ойындарында қола медаль жеңіп алды
Азиаданың жетінші жарыс күні спортшыларымыз қола жүлделерге қол жеткізді.
ашық дереккөзден
Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия Ойындарында Қазақстан спортшылары бірнеше спорт түрінен жүлдеге ие болды. Бүгін ел қоржынына семсерлесу, ескек есу және нысана көздеуден қола медальдар түсті.
Семсерлесуден Қазақстан ерлер құрамасы қылыш бағдарламасында командалық сайыста Азия Ойындарының қола жүлдегері атанды. Нұрмұхаммед Жайлыбай, Артём Саркисян, Назарбай Саттархан және Қуаныш Эргашбайдан құралған команда жартылай финалда жарыс қожайыны Жапонияға 34:45 есебімен жол берді.
Ал ескек есуден каноэде 500 метрге жарыстың микст бағдарламасында Сергей Емельянов пен Руфина Искакова 1:51.124 нәтижесімен үшінші орын алды. Бұл сайыста Қытай спортшылары алтын, Өзбекстан өкілдері күміс медаль иеленді.
Байдаркамен 500 метрге жарыста ерлер арасында Дмитрий Холмогоров 1:44.453 уақыт көрсеткішімен қола жүлдегер атанды.
Әйелдер арасындағы байдаркамен 500 метрге жарыста Стелла Суханова да мәреге үшінші болып жетті. Азия чемпионы қашықтықты 1:59.688 нәтижесімен аяқтап, Қазақстанға кезекті қола медальді сыйлады. Алтын Қытай, күміс Өзбекстан спортшысына бұйырды.
Сондай-ақ нысана көздеуден әйелдер құрамасы 50 метрден винтовкамен үш позицияда ату бағдарламасында қола жүлде жеңіп алды. Арина Малиновская, Елизавета Безрукова және Софья Шулженко 1754-89х нәтижесімен үшінші орынға тұрақтады. Бұл сайыста Қытай құрамасы 1773-105х көрсеткішімен алтын, Үндістан 1763-90х нәтижесімен күміс медаль иеленді.
Азия Ойындары 4 қазанда аяқталады.