Тимур Турлов халықаралық шахмат федерациясының президенті болып сайланды
FIDE президентінің өкілеттік мерзімі төрт жылды құрайды.
ашық дереккөзден
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Тимур Турлов Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңа президенті болып сайланды.
Президент сайлауы бүгін, 26 қыркүйекте Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтіп жатқан FIDE Бас ассамблеясы аясында ұйымдастырылды. Қазақстандық кәсіпкер екінші турда 196 дауыстың 110-ын жинап, жеңіске жетті.
FIDE президентін сайлауға ұлттық шахмат федерациялары қатысады. Әр федерация бір ғана дауыс бере алады және дауыс беру жасырын түрде өткізіледі.
Тимур Турлов президенттік сайлауалды бағдарламасында шахматты дамытуға бағытталған бірқатар бастаманы ұсынған. Оның жоспарына арнайы даму қорын құру, халықаралық шахматқа қаржыландыру көлемін арттыру, саланы цифрландыру, маркетинг пен коммуникация бағыттарын күшейту және ұлттық федерацияларға қолдау көрсету кіреді.
Сайлау қарсаңында Турлов шахматты дамытуға 6 миллион АҚШ долларынан астам инвестиция тарту және әлемдегі шағын федерацияларға қолдау көрсететін арнайы қор құру жоспарын таныстырған.
Президенттік сайлауда Тимур Турловпен қатар президенттікке үміткерлер қатарында неміс кәсіпкері Ян Хенрик Бюттнер және Вадим Розенштейн де болды.
Осылайша, Тимур Турлов алдағы төрт жылда әлемдік шахмат ұйымына жетекшілік етеді.