Астана рекорд жаңартты: Күрестен әлем чемпионатына 135 ел қатысады
24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада күрестен әлем чемпионаты өтеді.
United World Wrestling
Астанада өтетін күрестен әлем чемпионатының ауқымы әлемдік рекордпен өлшенетін болды. Биылғы басты додаға 135 елдің өкілдері тіркелді. Бұл ересектер арасындағы әлем чемпионаттары тарихындағы ең жоғары көрсеткіш.
Бұған дейінгі рекорд 2011 жылы Ыстанбұлда өткен әлем чемпионатына тиесілі еді. Ол кезде жарысқа 102 елдің өкілдері қатысқан. Астана бұл межені бірден 33 елге жаңартып отыр.
Қазақстан астанасындағы әлем чемпионатының тағы бір ерекшелігі - қысқа мерзім ішінде осындай ауқымды спорт жарысын ұйымдастыру. Қазақстан турнирді өткізу құқығын биыл мамыр айында ғана алды. Бастапқыда әлем чемпионаты Бахрейнде өтуі керек болған еді. Кейін United World Wrestling жарысты Астанаға ауыстырды.
Алдын ала тіркеу қорытындысы бойынша чемпионат жүйесінде спортшылар, жаттықтырушылар, ұлттық федерация басшылары мен делегация мүшелерін қоса алғанда 2231 қатысушы бар.
Астанадағы дүниежүзілік біріншілікке әлемнің 135 елінен балуандар жиналмақ. Турнир 24 қазан мен 1 қараша аралығында «Барыс Аренада» өтеді. Тоғыз күн бойы әлемнің үздік балуандары медаль үшін сынға түсіп, Қазақстан астанасы күрес әлемінің басты орталығына айналады.