Қазақстандық шахматшылар Олимпиададағы жеңісті сериясын жалғастырды
Олимпиаданың шешуші 11-туры ертең өтеді.
ашық дереккөзден
Самарқандта өтіп жатқан 46-шы шахмат Олимпиадасында оныншы турдың ойындары аяқталды. Қазақстан әйелдер құрамасы Францияны 2,5:1,5 есебімен жеңіп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.
Бірінші тақтада Бибісара Асаубаева Дейманте Даулите-Корнетті жеңді. Партия 34 жүрістен кейін аяқталды. Алуа Нұрман мен Мари Себаг тең тарқасты.
Меруерт Камалиденова Софи Мильеге есе жіберді. Ал төртінші тақтада Елназ Қалиахмет Полин Гишармен алты сағатқа жуық уақыт ойнады. Кездесу барысында француз шахматшысы басымдыққа ие болғанымен, кейін қателік жіберіп алды. Осы мүмкіндікті пайдаланған 16 жастағы Елназ партияда жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан құрамасы Франциядан 2,5:1,5 есебімен басым түсті.
Әйелдер арасындағы турнир кестесінде Қытай 18 ұпаймен көш бастап келеді. Қазақстанның еншісінде 17 ұпай бар. Үндістан, Польша және Вьетнам құрамалары 16 ұпайдан жинаған.
Ал Қазақстанның ерлер құрамасы оныншы турда Түрікменстанды 3:1 есебімен жеңді. Сауат Нұрғалиев пен Жандос Ағманов қарсыластарынан басым түссе, Денис Махнёв пен Алдияр Ансат өз партияларын тең аяқтады.
Қазақстан ерлер құрамасы 12 ұпаймен 33-орында тұр. Бұл санатта Өзбекстан 18 ұпаймен көш бастап келеді. Үндістан 17 ұпай жинаса, Германия, Украина және Венгрия құрамаларында 16 ұпайдан бар.