Қазақстан қоржынына Азиадада төрт медаль түсті

Бүгін Ясмина Тоқсанбаева ел қоржынына тарихи алтын медальді салды.

Қазақстан қоржынына Азиадада төрт медаль түсті Арлан Олжабай

Қазақстандық спортшылар Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия Ойындарында кезекті жүлделерді қоржынға салды. Жарыс күнінің қорытындысы бойынша ел құрамасы жеңіл атлетика, әртістік жүзу, батуттағы гимнастика және ауыр атлетикадан медаль иеленді.

Жеңіл атлетикадан Ясмина Тоқсанбаева спорттық жүрістен марафон қашықтығында топ жарып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Ол 42,195 шақырымды 3 сағат 22 минут 20 секундта жүріп өтті.

Күміс медаль Қытай өкілі Данцзин Цюйцзунға (3:26:09), қола тағы бір қытайлық спортшы Ли Маға (3:32:26) бұйырды. Бұл Қазақстан құрамасының Азиада Ойындарындағы тоғызыншы алтыны болды.

Сондай-ақ әртістік жүзуде Наргиза Болатова мен Ясмин Туяқова жұптық сайыста қола жүлдеге ие болды. Қазақстандық дуэт техникалық және еркін бағдарламалардың қорытындысы бойынша 565.7326 ұпай жинады. Қытай 640.3576 ұпаймен алтын, Жапония 601.3576 ұпаймен күміс медаль алды. Бұл Қазақстанның осы Азиададағы әртістік жүзуден алғашқы жүлдесі.

Батуттағы гимнастикадан Ерлан Тасмағамбетов те үздік үштіктен көрінді. Финалда 54.69 ұпай жинаған қазақстандық спортшы қола медальді жеңіп алды. Алтын мен күміс Қытай өкілдері Лангуи Янға (65.09) және Зисай Уангқа (63.83) бұйырды. Қазақстанның тағы бір спортшысы Роман Барков жарысты сегізінші орынмен аяқтады.

Ауыр атлетикадан Аянат Жұмағали 77 келіге дейінгі салмақта Азия ойындарының күміс жүлдегері атанды. Ол қос сайыста 246 келі нәтижеге қол жеткізді: жұлқа көтеруде - 109, серпе көтеруде - 137 келі.

Бұл салмақта Қытай спортшысы Ренхю Хе 258 келі нәтижемен чемпион атанса, Иран өкілі Рейхане Карими 243 келімен қола жүлде алды.

Осылайша, қазақстандық спортшылар Азиадада жүлде қоржынына бір алтын, бір күміс және екі қола медаль қосты.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу