Аида Әбікеева Азия ойындарының ширек финалында жарыс жолын аяқтады
Бесінші қазақстандық боксшы Азиадада жарыс жолынан шығып қалды.
ашық дереккөзден
Қазақстандық боксшы, әлем чемпионы Аида Әбікеева Жапонияның Аичи-Нагоя қаласында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия Ойындарының ширек финалында жеңіліс тапты.
65 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен отандасымыз Қытай өкілі Шу Лиге қарсы рингке шықты. Үш раунд қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен қытайлық боксшы жеңіске жетті - 4:0.
Осылайша, Аида Әбікеева Азия Ойындарындағы жарысын ширек финалда аяқтады. Шу Ли жартылай финалда Үндістан өкілі Парвинмен кездеседі. Үндістандық боксшы ширек финалда Өзбекстан өкілі Навбахор Хамидованы 5:0 есебімен жеңді.
Бұл Қазақстанның Азиада-2026 ойындарындағы бокс турниріндегі бесінші жеңілісі. Бұған дейін Оразбек Асылқұлов (60 кг), Сабыржан Аққалықов (80 кг), Назым Қызайбай (54 кг) және Виктория Графеева (60 кг) жарысты аяқтаған болатын.
Бүгін Қазақстан құрамасы сапынан тағы бір боксшы шаршы алаңға шығады. 15:00-де Айбек Оралбай 92 келіге дейінгі салмақта Қырғызстан өкілі Мирзакир Кошалиевпен жұдырықтасады.