Айбек Оралбай Азия Ойындарының финалына шықты
Айбек Оралбайды финалда өзбек боксшысы күтіп тұр.
ашық дереккөзден
Аичи-Нагоядағы ХХ жазғы Азия ойындарында бокстан жарыс жалғасып жатыр. Бүгін Қазақстан құрамасының өкілі Айбек Оралбай +90 келі салмақта финалға жолдама алды.
Жартылай финалда отандасымыз Үндістан боксшысы Нарендермен қолғап түйістірді. Айбек жекпе-жектің алғашқы секундтарынан басымдық танытып, қарсыласына өз тактикасын қолдануға мүмкіндік бермеді. Үш раунд бойы қорғаныста сауатты қимылдап, шабуылда дәл соққыларымен көзге түскен қазақстандық боксшы төрешілердің шешімімен 5:0 есебімен жеңіске жетті.
Айбекті шешуші жекпе-жекте Өзбекстан өкілі Жахонгир Зокиров күтіп тұр. Зокиров - 2025 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері және 2024 жылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері.
Осылайша, +90 келі салмақтағы Азия ойындарының басты жекпе-жектерінің бірі Айбек Оралбай мен Жахонгир Зокиров арасында өтеді.
Финалдық кездесу 2 қазанға жоспарланған.