Азиада: Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде үздік ондықта
Қазақстан құрамасының еншісінде әзірге 48 медаль бар.
ашық дереккөзден
Қазақстан құрамасы Жапонияның Айчи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия Ойындарының оныншы жарыс күнін үш медальмен аяқтады.
29 қыркүйекте қазақстандық спортшылар қоржынға бір күміс және екі қола медаль салды. Осылайша Қазақстанның Азиададағы жалпы жүлде саны 48-ге жетті. Ұлттық құраманың еншісінде тоғыз алтын, 14 күміс және 25 қола медаль бар.
Бүгін биіктікке секіруден Кристина Овчинникова 1,87 метр нәтижемен күміс жүлдеге ие болды. Алтын медальды 1,90 метрді бағындырған Өзбекстан өкілі Барнохон Сайфуллаева жеңіп алды.
Қола медальдардың бірін спортшымыз кураштан жеңіп алды. 87 келіден жоғары салмақта Арайлым Шегенова жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Стенд атудан «трап» бағдарламасында Қазақстан ерлер құрамасы да қола медаль иеленді. Даниил Почивалов, Алишер Айсалбаев және Марк Почиваловтан құралған команда 348 ұпай жинап, Кувейт пен Катардан кейін үшінші орын алды.
Азиада-2026-ның оныншы жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы жалпы есепте сегізінші орында келеді.