Елдос Сметов Азиададағы алғашқы белдесуін өткізеді
14 қазақстандық дзюдошы Азия Ойындарында ел намысын қорғайды.
ашық дереккөзден
Қазақстандық дзюдошы, Олимпиада чемпионы Елдос Сметов Азия Ойындарындағы алғашқы белдесуін Оңтүстік Корея өкілі Ли Ха Римге қарсы өткізеді.
Бүгін, 30 қыркүйекте 60 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Елдос Сметов жарысты 1/8 финалдан бастайды.
Ли Ха Рим - әлем чемпионатының екі дүркін қола жүлдегері. Сонымен қатар ол 2022 жылғы Азия ойындарының күміс жүлдегері, 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған. Оңтүстіккореялық спортшы Азия чемпионатында бір күміс және екі қола медаль жеңіп алған.
Қазақстан құрамасы дзюдодан Азия ойындарындағы жарысты 30 қыркүйекте бастайды. Елдос Сметовтен бөлек, 66 келіге дейінгі салмақта Ғұсман Қырғызбаев, 48 келіге дейінгі салмақта Әбиба Абужақынова, 52 келіге дейінгі салмақта Меруерт Сәрсенова өнер көрсетеді.
Іріктеу кезеңі Астана уақытымен 07:00-де басталады. Жарыстың финалдық кезеңі 13:00-де өтеді.
Сондай-ақ 1 қазанда татамиге Бақытжан Абдурахманов (-73 кг), Әділет Алмат (-81 кг), Дана Әбдірова (-57 кг), Эсмигүл Куюлова (-63 кг) және Ажар Асхат (-70 кг) шығады.
2 қазанда Қазақстан құрамасы сапынан Айдар Арапов (-90 кг), Марат Байкамуров (-100 кг), Ерасыл Қажыбаев (+100 кг), Екатерина Токарева (-78 кг) және Аида Тойшыбекова (+78 кг) сынға түседі.
Ал 3 қазанда дзюдодан Азиада бағдарламасындағы командалық жарыс өтеді. Бұл күні Қазақстан құрамасы аралас командалық бәсекеде (Mixed Team) өнер көрсетеді.