Қазақстан құрамасы Азия Ойындарының 11-ші күні қандай нәтиже көрсетті?
Қазақстан құрамасы медальдар кестесінде тоғызыншы орында келеді.
ашық дереккөзден
Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарының 11-ші жарыс күнінде Қазақстан құрамасы сегіз медаль жеңіп алды.
30 қыркүйектегі жарыстар нәтижесінде ұлттық құрама қоржынына екі күміс және алты қола медаль түсті. Осылайша Қазақстанның жалпы жүлде саны 56-ға жетті. Оның ішінде тоғыз алтын, 16 күміс және 31 қола медаль бар.
Күміс жүлдені дзюдодан Елдос Сметов пен Абиба Абужақынова иеленді. 60 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Сметов финалда жапониялық Хаято Кондоға есе жіберді. Қазақстандық дзюдошы жарыс барысында Оңтүстік Корея, Моңғолия және қытайлық Тайбэй өкілдерінен басым түсіп, финалға жолдама алған еді.
Ал 48 келіге дейінгі салмақта Абиба Абужақынова алтын медаль үшін белдесуде жапониялық спортшы Мицуки Кондоға жол беріп, Азия Ойындарының күміс жүлдегері атанды.
Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев жарысты бесінші орынмен аяқтады. Ол жүлделі орын үшін жұбаныш белдесуінде жапониялық Кокоро Фудзисироға қарсы шықты. Сондай-ақ Меруерт Сәрсенова да Азия ойындарында бесінші орын иеленді.
Қазақстан құрамасының қоржынына қола медальдарды боксшылар Алуа Балқыбекова, Наталья Богданова және Махмұд Сабырхан, ескек есу слаломынан Александр Коробов пен Анастасия Ананьева, сондай-ақ грек-рим күресінен Мейіржан Шермаханбет салды.
Медальдар кестесінде Қытай құрамасы көш бастап тұр. Қытай спортшылары 151 алтын, 67 күміс және 59 қола медаль жеңіп алған. Екінші орында Жапония (50 алтын, 77 күміс, 73 қола), ал үздік үштікті Оңтүстік Корея (24 алтын, 30 күміс, 49 қола) түйіндеп тұр.