Қазақстандық екі дзюдошы Азиада алтыны үшін белдеседі
Финалдық белдесулер бүгін Астана уақытымен сағат 13:00-де басталады.
ашық дереккөзден
Жапонияның Аичи және Нагоя қалаларында өтіп жатқан ХХ жазғы Азия Ойындарында Қазақстан құрамасының екі дзюдошысы финалға шықты.
81 келіге дейінгі салмақта сынға түсіп жатқан Алмат Әділет жартылай финалда тәжікстандық Абубәкір Шеровпен белдесіп, «вазари» әдісімен жеңіске жетті. Енді қазақстандық дзюдошы алтын медаль үшін жапониялық Сотаро Фудзивараға қарсы татамиге шығады.
Ал 70 келіге дейінгі салмақтағы Ажар Асхат жартылай финалда моңғолиялық Анужин Уран-Улзиді жеңіп, жарыстың финалына жолдама алды. Қазақстандық спортшы шешуші белдесуде тағы бір Жапония өкілі Рин Медаға қарсы сынға түседі.
Сонымен қатар Қазақстан құрамасының тағы екі дзюдошысы қола медаль үшін белдеседі. 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова үшінші орын үшін өзбекстандық Маржона Нуруллоевамен кездеседі.
57 келіге дейінгі салмақта Дана Абдирова жұбаныш белдесуінде қытайлық Юинг Таоны «юко» әдісімен жеңіп, кіші финалға өтті. Қазақстандық дзюдошы қола медаль үшін Солтүстік Корея өкілі Ким Хен Аға қарсы татамиге шығады.