Қазақстан Азиадада тарихи жетістікке жетті

Қазақстан қоржынында әзірге 64 медаль бар.

Қазақстан Азиадада тарихи жетістікке жетті ашық дереккөзден

Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия Ойындарының 12-ші жарыс күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы сегіз медаль жеңіп алды.

1 қазанда ұлттық құрама қоржынына үш күміс және бес қола жүлде түсті. Күміс медальдарды дзюдошылар Әділет Алмат пен Ажар Асхат, сондай-ақ джиу-джитсудан Нұржан Батырбеков иеленді.

Қола жүлдеге теннисші Юлия Путинцева, джиу-джитсудан Жібек Құлымбетова, дзюдодан Есмигүл Қуюлова, спорттық құзға өрмелеуден Дамир Тоқтаров және ескек есуден слаломнан Екатерина Таранцева ие болды.

Айта кетейік, Дамир Тоқтаров спорттық құзға өрмелеудің жылдамдық сайысында қола жүлдеге қол жеткізіп, Қазақстан тарихында алғаш рет Азия ойындарында осы спорт түрінен медаль жеңіп алды. 19 жастағы спортшы жартылай финалда Индонезия атынан сынға түскен Олимпиада чемпионы Леонардо Ведрикті басып озып, финалға екінші нәтиже көрсетіп шықты.

Бұл жарыста Қазақстан сапында Париж Олимпиадасына қатысқан Әмір Маймұратов та өнер көрсетті. Ол жартылай финалға дейін жетті.

Осылайша Қазақстан құрамасының 2026 жылғы Азия Ойындарындағы жалпы жүлде саны 64-ке жетті. Оның ішінде 9 алтын, 19 күміс және 36 қола медаль бар.

Медальдар саны бойынша Қазақстан құрамасы 12-ші жарыс күнінің қорытындысында жалпы есепте 9-орында келеді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу