Алексей Луценко мансабын аяқтайды

Азия Ойындары Александр Луценконың Ұлттық құрама сапындағы соңғы жарысы болды.

Алексей Луценко мансабын аяқтайды ашық дереккөзден

Қазақстандық велошабандоз Алексей Луценко кәсіби мансабындағы Азия ойындарындағы соңғы жарысын екі алтын медальмен аяқтады. Жапонияда өтіп жатқан Азиада-2026 додасында ол жекелей уақыт жарысы мен топтық жарыста топ жарды.

Осылайша, Луценконың Азия ойындарындағы алтын медаль саны алтыға жетті. Бұл Қазақстан спортшылары арасындағы жазғы Азия ойындарындағы рекордтық көрсеткіш.

Алексей Луценко үшін биылғы Азия ойындары спорттық нәтижесімен қатар, мансабындағы соңғы Азиада болуымен де ерекше. Қазақстандық велошабандоз жарыстан кейінгі сұхбатында әр медальдің өз тарихы бар екенін айтып, Азия ойындарындағы өнерін жеңіспен аяқтағысы келгенін жеткізді.

«Әр медальдің өз тарихы бар және олардың барлығы мен үшін өте маңызды. Бірақ соңғы Азиада ұзақ уақыт есімде қалады. Өйткені бұл мен үшін соңғысы болды. Азия ойындарындағы өнерімді дәл осылай, жеңіспен аяқтағым келді», - деді Луценко.

Спортшы соңғы топтық жарыстың ерекше эмоция сыйлағанын атап өтті. Оның айтуынша, бұл оның Қазақстан құрамасы сапындағы соңғы топтық жарысы болды.

Луценко ұлттық құрамадағы мансабындағы маңызды кезеңдердің бірі ретінде 2012 жылғы әлем чемпионатын атады. Сол жылы Нидерландыда өткен бәсекеде ол 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы топтық жарыста әлем чемпионы атанған еді. Сондай-ақ велошабандоз 2023 жылғы әлем чемпионаты мен Жапониядағы Азиада-2026 ойындарын ерекше атап өтті.

«Жыл басынан бастап бұл менің ұлттық құрама сапындағы соңғы жарысым болатынын түсіндім. Сондықтан оған өте байыппен дайындалдым», - деді қазақстандық велошабандоз.

Алайда Луценко кәсіби спортпен бірден қоштаспайды. Маусым соңына дейін ол клубтық жарыстарда өнер көрсетуді жалғастырады. Спортшының айтуынша, Италиядағы бірнеше жарыстан кейін кәсіби мансабындағы соңғы жарысы Қытайда өтетін «Гуанси туры» болады.

«Қазір отбасыммен мүмкіндігінше көбірек уақыт өткізгім келеді», - деді Луценко.

Алексей Луценко мансабында алты Гранд-турға қатысып, «Вуэльта-2017» мен «Тур де Франс-2020» жарыстарының бір-бір кезеңінде жеңіске жетті. 2012 жылы әлем чемпионы атанып, кейін ProTour деңгейіндегі бірқатар беделді жарыстарда жүлдеге ілікті.

Қазақстандық велошабандоз Азия ойындарына 2014 жылдан бері қатысып келеді. Инчхонда жекелей уақыт жарысында алғаш рет Азия чемпионы атанса, 2018 жылы Джакартада екі алтын медаль жеңіп алды. 2023 жылғы Азия ойындарында жекелей уақыт жарысында тағы да чемпион атанды. Ал биылғы Азиадада осы нәтижесін тағы екі алтынмен толықтырып, Азия ойындарындағы алтын медальдарының жалпы санын алтыға жеткізді.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу