Шерзод Давлатов әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды
Қазақстандық дзюдошы финалда Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовқа есе жіберді.
ашық дереккөзден
Қазақстандық дзюдошы Шерзод Давлатов Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен қазақстандық спортшы финалға дейін сәтті өнер көрсетті. Алтын жүлде үшін болған шешуші кездесуде Давлатов Әзербайжан өкілі Ахмад Юсифовпен белдесті. Нәтижесінде отандасымыз қарсыласына есе жіберіп, әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Шерзод Давлатов жарысты Тәжікстан өкілі Лоик Кудбудиновты жеңумен бастады. Кейін Бурунди спортшысы Рауль Бриллан Нганджиден басым түсті. Үшінші айналымда бразилиялық Мишел Аугустоны жарыс жолынан шығарды. Ширек финалда Франция өкілі Ромен Валарье-Пикарды жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Жартылай финалда қазақстандық дзюдошы Париж Олимпиадасының қола жүлдегері, жапониялық Рюдзю Нагаямаға қарсы татамиге шықты. Негізгі уақыт тең аяқталғанымен, Golden Score кезеңінде Давлатов жеңіс тұғырына бастар жолда маңызды жеңіске жетті. Қосымша уақытта қарсыласына «юко» бағасы беріліп, қазақстандық спортшы финалға өтті.
Финалда Ахмад Юсифовпен кездескен Давлатов бұған дейін де әзербайжандық дзюдошымен белдескен. 2024 жылы Загребте өткен Grand Prix турнирінің шешуші кездесуінде қазақстандық спортшы Юсифовты жеңіп, чемпион атанған еді. Бұл жолы қарсыласы реванш алып, әлем чемпионы атағына қол жеткізді.
Осылайша Шерзод Давлатов әлем чемпионатында күміс медаль иеленді.
Бакудегі әлем чемпионаты 11 қазанға дейін жалғасады.
Айта кетейік, бүгін боз кілемге шыққан балуандарымыз Нұрқанат Серікбаев пен Ақылжан Жұбатқанов та әлем чемпионатын жеңіспен бастап, 1/16 финалға жолдама алды.