Үстел теннисінен әлем чемпионатының ресми туы Қазақстан өңірлерін аралайды
Лондоннан келіп жеткен ту бүкіл Қазақстанды аралап, әлемдік үстел теннисі додасы өтетін Астанаға қайта оралады.
ашық дереккөзден
Үстел теннисінен 2027 жылғы әлем чемпионатының ресми туы Қазақстан бойынша сапарға аттанды. «ROAD TO ASTANA 2027» жобасы аясында ту еліміздің өңірлерін аралап, спортты, жергілікті мәдениетті және Қазақстанның көрікті жерлерін таныстырады.
Тудың тарихы Лондонда басталған. Дәл осы қалада Қазақстан үстел теннисінен әлем чемпионатын қабылдайтын келесі ел ретінде Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ресми туын қабылдап алды. Кейін ту Астанаға жеткізіліп, енді еліміздің барлық өңірін қамтитын сапарға жол тартты.
Жоба аясында Шығыс - Солтүстік - Батыс - Оңтүстік бағыттары бойынша ұйымдастырылады. Әр өңірде туды спортшылар мен қала тұрғындары қарсы алып, үстел теннисінен түрлі фестивальдер мен бұқаралық іс-шаралар өтеді. Сонымен қатар жоба авторлары өңірлердің спорттағы жетістіктерін, жергілікті кейіпкерлері мен мәдени ерекшеліктерін көпшілікке таныстыруды көздеп отыр.
«ROAD TO ASTANA 2027» сапарының алғашқы аялдамасы Өскемен қаласы болды. 4 қазанда Үстел теннисі орталығында әлем чемпионатының ресми туына арналған салтанатты таныстырылым өтті.
Бұл - Қазақстанды аралайтын үлкен сапардың алғашқы кезеңі. Алда жоба аясында жаңа қалаларға барып, жаңа кейіпкерлермен танысу және еліміздің табиғаты мен спорттық әлеуетін көрсету жоспарланған.
«ROAD TO ASTANA 2027» соңғы нүктесі Астана қаласы болады. Дәл осы жерде 2027 жылғы 22-30 мамыр аралығында ITTF World Table Tennis Championships Finals Astana 2027 әлем чемпионаты өтеді.