Анна Данилина Пекиндегі WTA 1000 турнирінің екінші айналымына шықты
Турнир 30 қыркүйек пен 11 қазан аралығында Қытайда өтуде.
ашық дереккөзден
Қазақстандық теннисші Анна Данилина Қытай астанасы Пекинде өтіп жатқан WTA 1000 санатындағы China Open турнирінің жұптық сайысында екінші айналымға жолдама алды.
Данилина америкалық Дезире Кравчикпен бірге алғашқы айналымда жапониялық Сюко Аояма мен Қытай Тайбэйінің өкілі Лян Эн-Шоны жеңді. Қазақстандық-америкалық жұп қарсыластарын екі сетте де 6:3 есебімен ұтты.
Кездесу 1 сағат 14 минутқа созылды. Матч барысында Данилина мен Кравчик бір эйс жасап, екі рет қос қателік жіберді. Сондай-ақ 13 брейк-пойнттың бесеуін тиімді пайдаланды.
Ширек финалға шығу үшін қазақстандық-америкалық жұп Жаңа Зеландия өкілі Эрин Рутлифф пен Индонезия теннисшісі Алдилла Сутджиадимен кездеседі. Айта кетейік, биылғы турнирде сенсация орын алды. Әлемнің бірінші ракеткасы, отандасымыз Елена Рыбакина Алина Чараеваға (WTA 118-орын) есе жіберді. Үш сетке созылған кездесуде Чараева 3:6, 6:4, 6:3 есебімен жеңіске жетті. Ал, әлемнің екінші ракеткасы Арина Соболенко Чехия өкілі, әлемдік рейтингте 34-орындағы Никола Бартунковамен кездесіп, жарыс жолын аяқтаған болатын.