Ағайынды Абэнің алтын жорығы: Ута мен Хифуми тағы да әлем чемпионатын бағындырды

Ута мен Хифуми бір күнде қос алтынға қол жеткізді.

Ағайынды Абэнің алтын жорығы: Ута мен Хифуми тағы да әлем чемпионатын бағындырды ашық дереккөзден

Жапониялық дзюдошылар, ағалы-қарындасты Ута және Хифуми Абэ Бакуде өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында алтын медаль иеленді.

52 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ута Абэ финалда Испания өкілі Ариане Торо Солермен белдесті. Тартысты өткен кездесуде жапониялық спортшы қарсыласын жеңіп, әлем чемпионатындағы алтын медальдарының санын алтыға жеткізді. Ута әлем чемпионаттарындағы жекпе-жектерде әлі жеңіліп көрмеген.  Осылайша Ута Абэ әйелдер арасындағы әлем чемпионатында ең көп алтын алған дзюдошылардың қатарына енді. Бұл көрсеткіш бойынша рекорд 7 алтынға ие Жапония өкілі Рёко Таниге және Қытай спортшысы Тун Вэньге тиесілі. 

Ал 66 келіге дейінгі салмақта Утаның ағасы Хифуми Абэ финалда испаниялық Давид Гарсия Торнесімен кездесті. Жапониялық дзюдошы белдесудің алғашқы минутында қарсыласын сэои-нагэ әдісімен иппонға түсіріп, жеңіске жетті. Осылайша Хифуми әлем чемпионатындағы бесінші алтынын қоржынына салды. 

Хифуми Абэ бұған дейін 2017, 2018, 2022 және 2023 жылдары әлем чемпионы атанған. 2025 жылғы әлем чемпионатында ол қола жүлде иеленген болатын. Осылайша ағайынды спортшылар Бакудегі әлем чемпионатының бір күнінде екі алтын медаль жеңіп алып, жапон дзюдосының тарихи жетістігін тағы бір мәрте дәлелдеді. Хифуми енді әлем чемпионатында бес және одан көп алтын алған таңдаулы дзюдошылар қатарына қосылды. Ал ерлер арасындағы рекорд Франция спортшысы Тедди Ринерге тиесілі. Оның әлем чемпионаттарында иеленген алтындар саны 11 медаль.

Telegram
Біздің Telegram каналымыздағы спорт әлемінің ең қызығы Insports.kz
Жазылу